Д. Қонаев даңғылы: Жол құрылысының ІІ кезеңі басталды

187

Шымкентте Д. Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының ІІ кезеңін жалғастыру үшін Әйтеке би көшесі Амангелді көшесінен Володарский көшесіне дейін жабылды. Қазіргі таңда аталған жердегі тұрғын үйлерді мемлекет мұқтаждығына қайтару шаралары атқарылуда. Ал, сауда нүктелері болса, басқа орынға ауысып жатыр.

Шымкентте Д. Қонаев даңғылының жалғасындағы жол құрылысының ІІ кезеңінің жұмыстары басталды. Ол үшін Әйтеке би көшесі Амангелді көшесінен Володарский көшесіне дейін жабылды. Нысанды айналып өту мақсатында көліктердің қозғалысы Қабанбай батыр, Ерманов, Володарский, Бостандық және Өзбек көшелерімен ұйымдастырылған. Жауаптылардың айтуынша, бұл кезең даңғыл жалғасының ең күрделі бөлігі. ІІ кезеңдегі жол құрылысының ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Яғни, Қошқар ата өзенінен В. Терешкова көшесіне дейін, оның қазір 950 метрі аумағында жұмыстар басталған.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Ескі қалашық»  міне мына жерден Бостандық көшесі жабылады, Аманкелді көшесі жабылады. Сонда біз осы жерлерде құрылыс жұмыстарын өткіземіз. 8 март, Тәуелсіздік көшесі жабылды. Рашидов көшесі жабылды. Әйтеке би көшесі мына тұстан жабылып жатыр. Бұл жердің бәрі жердің астымен  туннель болып өтеді. Сонымен  барып Химфарм заводтың тұсынан темір жолдың астынан өтеміз. Сосын Бадамда салынған көпірге барамыз. Көпірден ары қарай Сәуле шағынауданына барамыз. Жалпы Д. Қонаев даңғылы Түркістан көшесінен Ақтасқа дейін салынатын болса, ең күрделі участок. Біз өзі құрылысты 4 участокқа бөлгеміз, сол ең күрделісіне қазір келдік. Ол мынау Қошқар ата өзенінен Терешкова көшесіне дейін».

Кезінде тіршілігі қайнаған ел аузында «Ескі қалашық» деп аталатын сауда мекенінде қазір жұмыстар баяғыдай емес. Өйткені Д. Қонаев даңғылы жалғасының 2 кезеңі осы төңіректен өтеді. Бұл жерде мемлекет мұқтаждығына алынатын 86 нысан бар. Оның басым көпшілігі бизнес объектілері. Мысалыға, мына ғимараттан ішке қарай 15 метрге дейін сүрілуі қажет.

Қазіргі таңда аталған жердегі тұрғын үйлерді жол құрылысына байланысты мемлекет мұқтаждығына қайтару шаралары атқарылуда. Ал, кәсіп нысандарына басқа жақтан арнайы орындар қарастырылып отыр. Олардың көшуіне 3 күн уақыт берілген екен. Сүрілетін нысандардың арасында мемлекеттік ғимараттар жоқ.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мемлекет мұқтаждығына алынатын нысандарға келетін болсақ, жалпы бізде екінші этаптың бас жағында Қошқар атадан Әйтеке би көшесіне дейін барлығы жеке меншік үйлер. Оларды сатып алып жатырмыз. Әйтеке би көшесінен былай қарай бәрі бизнес нысандар. Оларды сатып алу қымбат болады. Бірақ ол жұмысты жасамасақ болмайды. Әйтеке би көшесіндегі сауда нүктелері бос тұр. Ал мына көшеде жартысынан көбі жұмыс істеп жатыр. Олардың бәріне өткендегі Карл Маркс көшесін көшіргендей қаладағы базарларды шақырып, ұран тастадық. Базарлар ұсыныстарын айтып жатыр 6 ай тегін, одан кейін арендамен жұмыс істейміз деп».

Айта кетейік, Д. Қонаев даңғылындағы жол құрылысының бірінші кезеңі Түркістан көшесінен Қошқар ата өзеніне дейін жүрді. Енді екінші кезеңін аяқтау үшін 2 жыл уақыт берілген. Ал жауаптылар 1 жылдың ішінде аяқтауға мүмкіндік барын айтады. Оның барлығы мемлекет мұқтаждығына алынатын үй иелермен келісімге келу жұмыстарына байланысты екен.

Сонымен қатар, жауаптылар жолдың жабылауына байланысты орын алған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрап, түсіністікпен қарауларын сұрайды.

Олжас Айдарбек