«Ауылым – ел бесігі»: Өз ауылына жол салған кәсіпкер

213

Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округіндегі қос елдімекенді жалғайтын күре жол асфальтталды. 30 жылдан бері ешбір жөндеу көрмеген бұл жолдың салынғанына жергілікті халық дән риза. Айтуларынша, енді ауыл балалары мектепке еш қиналмай барады.

Кеңес заманынан бері жолдары жөндеу жұмыстарын көрмеген Ордабасы ауданындағы «Ақбұлақ-1», «Ақбұлақ-2» елдімекендерінің арасын жалғайтын жолға асфальт төселді. Бұл жұмыстарды «КазСМУ» ЖШС-і жүзеге асырған. Мердігер мекеме басшысы Ғабит Оспанов осы ауылдың тумасы. Жол салу жұмыстары кезінде ауылдағы мектеп пен мешітке апарар жолды да салып беруді жөн санапты.

Ғабит Оспанов, «КазСМУ» ЖШС-інің құрылтайшысы: «Бәрі алғыстарын айтып жатыр. Қанша, неше жылдан бері болмаған нәрселер. Екі ауылдың қазір арасына жол болмаған мысалы сол қосылып жатыр. Бұған қарамастан, мектеп сұрап жатыр еді мына жерде оған да көмегімізді беріп, жол салып беріп жатырмыз мектепке де».

«Жаңбыр жауғанда балшық суды тізеге дейін кешуші»,-  едік деген тұрғындар енді жаңа ауыл ішінде еркін жүретін болдық дейді. Салынған жолдың сапасы көптің көңілінен шығып отыр дегенді алға тартқан жергілікті халық мердігер мекемеге алғыстарын айтты.

Белқожа Оспанов, Ордабасы ауданы, Ақбұлақ ауылының тұрғыны: «Енді балдарымыз Құдай қаласа, мектепке аяқтары былғанбай, таза барып келеді. Кейінгі жылдары мынау ауылымыз өте көркейіп, жолымыз мынау тамаша. Жоспарда жоқ нәрсені мешітке жол салып берді Ғабит деген баламыз. Мұның бәрі ауылдың жастардың ауызбіршілігі деп білеміз айналып кетейіндер. Көгеріңдер, өсіңдер, ешуақытта ауылды ұмытпаңдар қайда жүрсеңдер де айналып кетейіндер».

Айта кетейік, ауыл арасын жалғайтын жол салу жұмысы «Ауылым – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Оған 29 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Бұл қаржыға ауылдың кіре-берісіне 2 шақырым жол салыныпты. Ал ауыл ішіндегі мектеп пен мешітке апарар жолды мердігер мекеме жерлестеріне тарту ретінде өз қаржысына салып берген.