Рахмет саған, дәрігер!

125

Маусым айының үшінші жексенбісі медицина мамандарының кәсіби мерекесі. Елімізде бұл сала назардан тыс қалған емес.

Мәселен, ауруханалар мен медициналық орталықтар озық технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталып, дәрігерлердің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Науқастарға медициналық көмек көрсету жолында аянбай еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың мерекесі туралы толығырақ…

Жорабек Сүйгенбаев медицина саласында 40 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін 1000-нан аса күрделі ота жасаған ол зейнетке шыққанша шипа іздеген науқасқа әрқашан қол ұшын созуға дайынмын дейді. Бұл саланың қиындығы дәлділік пен нақтылықты талап етеді. Ал қателікті ешқашан кешірмейді дейді хирург.

Алтын қолды хирург Жорабек Сүйгенбаев осы уақытқа дейін білікті 100-ге жуық шәкіртті тәрбиелеген. Қазір медицина саласындағы құрал-жабдықтар жоғары технологиялық үлгіде жасалған. Сондықтан бұл жас дәрігерлердің сапалы қызмет етуі мен тәжірибе жинақтауына тікелей әсер етеді дейді ақ халатты. Жас хирургтарға айтарым оқу керек, көру керек, шаршамау керек, алға қарай талпыну керек. Қазір мүмкіндіктер өте көп. ІТ технология жақсы дамыған.

Айта кетейік, маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы мерекеге орай Жорабек Сүйгенбаев елеулі еңбегі үшін мараппатталды.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 4378 дәрігер еңбек етеді, 9973 орта буынды медицина қызметкері бар. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үшінші мегаполисте реаниматолог, ортопед және аллерголог мамандары тапшы екен.

Ал Түркістан облысында 23 мың ақ халатты болса, оның 5000-нан астамы дәрігер, ал қалғаны орта буынды қызметкерлер. Сондай-ақ, биыл ақ халаттылардың жалақысы 30 пайызға өссе, ал медбикелердің айлығы 20 пайызға көтерілді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, тілегін жеткізді.

Барша әлемді Ковид-19 індеті жаулаған сәтте адам жанына араша бола білген дәрігерлердің еңбегі әрқашан еленбек.

Камила Есенғали