Қазақстанда тағы бір кәсіби мереке пайда болады

50

Қазақстанда тағы бір кәсіби мереке – Мемлекеттік қызметтер саласындағы қызметкерлер күні пайда болады. Жаңа мейрам жыл сайын 15 сәуірде аталып өтеді.

Тиісті үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА»  порталында  жарияланды.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы қызметкерлер күні – 15 сәуір» деген тармақпен толықтырылсын», – делінген қаулы мәтінінде.
Түсіндірме жазбада айтылғандай, мемлекеттік қызметтер саласындағы қызметкерлердің еңбек ұжымы республика бойынша шалғай аудандарды қоса алғанда, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрайды.
«Алайда бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесін атап өту мүмкіндігі жоқ және осындай мереке болмағандықтан, бірыңғай кәсіби қоғамдастық саласының бөлшегі екенін сезінбейді», – делінген түсіндірме жазбада.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында кәсіби мерекелерді атап өтуге қатысты халықаралық тәжірибе де зерделенген.
Мысалы, Грузияда 2004 жылдан бастап сәуірдің әр үшінші жексенбісі «Грузияның қызмет көрсету саласының қызметкері күні» кәсіби мерекесі аталып өтеді. Сондай-ақ Әзербайжанда да мемлекеттік қызметтер саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі бар. Мейрам 29 желтоқсан тойланады.
Сонымен қатар бірнеше жылдан бері электронды үкіметті дамытуда көшбасшы саналатын (БҰҰ eGov-рейтингі бойынша) Оңтүстік Кореяда заңнамаға сәйкес «Электронды үкімет күні» кәсіби мерекесі 24 маусымда аталып өтеді.
Қаулы жобасы 1 наурызға дейін қоғам талқысына шығарылды.