Кәсіподақ ұйымы медицина мамандарын марапаттады

29
фото Айғақ

Соңғы кездегі күрделі ахуал медицина қызметкерлерінің иығына айтарлықтай салмақ салып, жауапкершілігін арттыра түсті. Күн-түн демей, еңбек етіп жатқан жандарға, бүгінде үкімет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілуде, жалақылары кезеңімен көбеюде. Салада 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен Ақ халатты абзал жандарға кәсіподақ ұйымы да қошемет көрсетті.

Облыс орталығына арнайы шақырту алған Нұралы Жақыпов Келес ауданындағы Ошақты ауылдық емханасының аға дәрігері. Алматыдағы жоғары оқу орнын тәмамдаған маман таңдаған кәсібіне адал. 35 жылдан астам мерзім медицина саласында еңбек етіп келеді.

Нұралы Жақыпов, Келес ауданы Ошақты емханасының аға дәрігері: «Келес ауданында 135 мың халық тұрады. Бізде барлық жағдай жасалған, халыққа сапалы медициналық жәрдем көрсетілуде. 2017 жылы инсульт орталығы ашылды. Жастарға қазіргі таңда қолдау мықты, үй береді, әлеуметтік көмек, кадр мәселесі бәрі шешімін тапқан».

Халықтың денсаулығын жақсартуда аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандардың өмірлік жолы жас мамандарға үлгі өнеге дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Төлеби аудандық ауруханасындағы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Мырзахан Қамбаров, адам өмірін ажалдан арашалау оңай емес екенін айтады. Дегенмен медицина сәт санап қарыштап дамып жатыр. Емдеудің жаңа жетілдірілген тәсілдері мен құрал-жабдықтардың заманауи түрлері қарқынды емді қажет ететін науқастардың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді дейді.

Мырзахан Қамбаров, Төлеби аудандық ауруханасындағы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі: «Құрал жабдықтың бәрі бар. Біздің Сайрам, Леңгірден жас мамандар келеді. Алматыда, Шымкентте біліктілігін арттырады».

Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Түркістан облысындағы аудандық, ауылдық емханалар, ауруханаларда халыққа сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.