Шымкентте театр костюмдерін халықаралық деңгейдегі дизайнер әзірлейді

124

Шымкенттегі театрлар тарихында ең көп костюм тігілген қойылым – «Домалақ ана» операсы. Опера және балет театрындағы аталмыш қойылымға бас-аяғы 1,5 айда 200-ге жуық костюм дайындалған. Айта кетейік, премьера наурыз айында сахналанған. Сахна сыртындағы мамандардың еңбегі орасан.

Шымкент қалалық опера және балет театры репертуарында 200-ге жуық костюм дайындалған қойылым бар. Ол дарынды жас композитор Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсы. Шымылдық артындағы мамандар аталмыш шығармаға бас-аяғы 1,5 айда үлгісі мен пішімі қиын авторлық костюмдерді дайындап үлгерген.

Жауапты істің тізгінін ұстаған халықаралық деңгейдегі дизайнер – Сабира Дәулеталиева. Ауқымды опера театрсүйер көрермен арасында кең таралып, үлкен сүйіспеншілікке бөленді.

Сабира Дәулеталиева, костюм дизайнері: «Бұл жерде ерекшелеп айтар болсам, ең ауқымды опералардың бірі «Домалақ ана» операсы ғой. Өзіміздің қазақи, ескілікті білдіретін. Өзіміздің тарихымызға шолу жасап шығаратын опералардың бірі. Соның ішінде Домалақ ананың кейпі өзіме ерекше ұнайды деп айта аламын».

Дизайнер «Домалақ ана» операсының костюмдерін екі кезеңге бөліп ойластырған. Біріншісі – Домалақ ана қалыңдық болып келгенге дейінгі кез. Ал екіншісі одан кейінгі кезең. Домалақ ана ел анасы болғанға дейін ол өлкеде қаттылық, қатаңдық жайлаған.

Маман бұл кезең костюмдерін бір типті қараңғы, қоңыр түстермен үйлестіргенін айтады. Ал, Домалақ ана елдің ауыз біршілігі мен ынтымағын жарастырған кезең киімдері ашық, жарық, түрлі түстермен тігілген.

Сабира Дәулеталиева, костюм дизайнері: «Бұл жерде мынау Домалақ ананың соңғы киімі. Бұл кезеңде ол ана болып, өзінің көсегесі көгерген кезде киген киімі. Бұл жерде күңдікпен киіледі бұл киім. Сондай әдемі, жасыл түстерді қолдану мақсатымыз болды».

Қойылым костюмдерінің тағы бір ерекшелігі – таза металлдан жасалған әшекейлер көп тігілген. Салмақтары 7-8 келіні құрайды. Мысалы, мына бір хор аритистерінің костюмінің алды арты түгел металл. Оны өнерпаздар сахнада 2-3 сағат бойы ән айта отыра киіп жүреді.

Дизайнер өнер ордасында жалпы 13 спектакль костюмдерінің эскизін дайындаған. Ал әр қойылымда 70-тен 200 түрлі костюмге дейін болады екен.

Сабира Дәулеталиева, костюм дизайнері: «Костюм дайындау деген инемен құдық қазғандай ғой. Өйткені біз сахнаның артында көрінбейтін адамдармыз. Ең бірінші басты мақсатымыз- сахнада образды ашу бізге. Киіп тұрған артистің үстінде киім өте ыңғайлы болуы керек. Сосын сол дәуірге сай болуы керек. Жалпы бір ғана киім емес, спектакльдің барлық киімін үйлестіре отыра жасау керекпіз. Мен бұл жерде 11 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жалпы 13 қойылымның эскиздерін жасап, осы жерде киімдер тігілді.

Сахнадағы дайын қойылым артында қаншама маман еңбек етеді. Бір ғана спектакльдің костюмдерін дайындау үшін қойылымның тарихи кезеңіне, бейнелеу өнеріне, әр кейіпкердің мінез-құлқына зерттеулер жүргізіледі.

Дизайнердің айтуынша, спектакль костюмінің әр өрнегінің, әр пішімінің өз мәні, режиссерлік үйлескен шешімдері бар. Киім шеберінің еңбегі – спектакльдегі кейіпкер образының елу пайызын ашуға қауқарлы екен.

Ақмарал Айтбаева