«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазына 10 мың АҚШ доллары беріледі. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған конкурсқа елдегі кез-келген педагог өтінім бере алады.
Ереже бойынша алдымен тәуелсіз академия қазылар алқасы арқылы үздік 50 ұстаз іріктеледі. Олардың арасынан 10 финалист анықталып, ұлттық сыйлық тапсыру үшін шақырылады. Марапаттау рәсімі қыркүйек айының 24-іне жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейік, конкурсқа өтінімдер www.teacherprize.kz сайты арқылы қабылданады.
Ермек Мәжитов, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы:«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы осымен үшінші маусымда өтіп жатыр және құжаттарды қабылдау сәуір айында басталған, 15 тамызға дейін жалғасады. Жобаның басты ерекшелігі, оған кез келген мұғалім өз бетімен қатыса алады. Яғни, білім беру мекемесі басшылығының, білім беру бөлімдері мен басқармаларының ұсынымы талап етілмейді. Байқау кезінде мұғалімдердің мектептегі кәсіби біліктілігінен бөлек қоғамдық өмірдегі белсенділігі, бет-бейнесі де ескеріледі».
Конкурсқа қатысқан 10 финалист те автоматты түрде «Әлем мұғалімі-2021» жаһандық сыйлығының номинанттары қатарына енеді. 1 млн. доллар жүлде қоры қарастырылған бұл конкурс мұғалімдерге арналған Нобель сыйлығының баламасы. Сондай-ақ, биыл елде «Болашақ мұғалімі» атты жаңа бағыт іске қосылады деп жоспарланып отыр екен.
Ермек Мәжитов, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрағасы:
«Жоба аясында 10 жоғары оқу орнынан педагогикалық кадрлар дайындайтын бағыттарда білім алатын жоғары курстардан 10 үздік студент іріктеп алу жоспарланып отыр. «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанған отандық 10 мұғалім олардың тәлімгерлері болады».
Мөлдір Ибадуллаева