Қазақстан білім беру саласындағы кадрлық әлеуетін арттыруды жалғастыруда. Шымкент жоғары педагогикалық колледжінің түлектері жас ұстаздар легін толықтырды. 600 маман диплом алып, алдағы уақытта еліміздің мектептері мен балабақшаларында еңбек жолын бастамақ.
Академиялық киім үлгісіндегі түлектердің жүзінен қуаныш еседі — бұл олардың бірнеше жыл күткен сәті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өткен салтанатты жиында түлектерге дипломдары табысталды. Кешегі студенттер үшін бұл — оқу орнын бітіру ғана емес, жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен кірісетін өмірдің жаңа кезеңі. Қазіргі таңда жас педагогтарды даярлау өте маңызды. Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі кадр сапасын арттыруды үнемі назарда ұстап келеді, сол себепті әрбір жас маман еліміз үшін қадірлі.
ГҮЛНАР ИБРАГИМОВА, ШЫМКЕНТ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Биылғы жыл біз үшін өте жемісті жыл. Біз балаларымыздың бітірген саны 600-ге жуық. Әрине оның барлығы мемлекетіміздің өркендеуіне, дамуына өз үлестерін қосуда деген сенімдеміз. 600 адамның ішінде 400-і мемлекеттік тапсырыс негізінде бітіріп жатыр».
Шымкент жоғары педагогикалық колледжі ширек ғасырға жуық уақытта он мыңнан астам маман даярлап шығарды. Биылғы түлектердің қатарында Балауса Айбатқызы да бар. Ол мектепке дейінгі оқу және тәрбие пәнінің ұстазы. Балаларға деген ықыласы мен білгенін үйретуге деген құлшынысы оны осы мамандыққа жетелеген. Алдағы уақытта оны алғашқы сабақтары мен шәкірттері, педагогикалық жаңа табыстар күтіп тұр.
БАЛАУСА АЙБАТҚЫЗЫ, ТҮЛЕК: «Себебі маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Біздің болашағымыз қазірге жастардың қолында. Біздің қолымызда. Және де өсіп келе жатқан балаларға да сондай рухты бергім келеді. Қазір мен өзім өнер мектебінде жұмыс істеймін. Және де сол жерде өзім мектепке даярлық немесе Күнұзақ деген секілді курстарды ашып жатырмын».
Бүгінде Шымкент жоғары педагогикалық колледжі — аймақтағы іргелі оқу орны. Алғашқы жылдары небәрі 6 мамандық бойынша 50 студент қана білім алса, бүгінде колледж 13 мамандық пен 17 біліктілік бойынша кадр даярлайды. Мұнда оқитын үш мыңға жуық студенттің көпшілігі жақын арада Қазақстанның білім мекемелеріне жұмысқа орналасады.
(№ KZ35LAA00014412 лиц. 25 .07. 2007 ж. ҚР БжҒМ БСБК БСБД берілген)
Мекенжайы: Шымкент қ. 8 март көшесі, 22
Тел: 8 7252 50 61 36, 8 701 400 13 63, 8 705 376 00 77
Сайт: shym-college.edu.kz
Email: ukpk_shym@mail.ru






