23 тамыздан бастап ірі азықты республикадан шығаруға тыйым салынады

78

23 тамызда ірі азықты республикадан әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім күшіне енеді. Ал 1 қыркүйектен бастап жемдік астықты экспорттауға квоталау енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр мәлімдеді.

Сондай-ақ, ауа-райының қолайсыздығына байланысты еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңір зардап шеккенін атап өткен Асқар Мамин қабылданған шаралардың арқасында жағдай тұрақталды дейді.

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы: «Биылғы жаз ерекше құрғақ болды, соның салдарынан еліміздің батысы мен оңтүстігінде бірқатар өңірлер зардап шекті. Құрғақшылықтың салдарын жою үшін жедел шаралар қабылданды. Зардап шеккен өңірлерді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб жұмыс істеуде. Қабылданған шаралардың арқасында жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі жалпы тұрақтанды».

Премьер-министрдің айтуынша, Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жем-шөп сатып алуға Үкімет резервінен 3,6 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, 16 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 20,7 млн тонна ірі азық дайындалыпты. Бұл жоспарланған жылдық көлемнің 81,7%-ын құрайды. Осылай деген Үкімет басшысы егін жинау науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданғанын атап өтті.

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы: «Болжам бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың жеткілікті көлемі жиналады. Сонымен қатар 6,5-7 млн тоннаға жуық экспорттық әлеует сақталады. Жалпы қазіргі мақсатымыз егін жинау науқанын сапалы өткізу».

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева