Түркістан қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізіп, екі елдің аймақаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты.

Форумда сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетика салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, туризмдегі және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың 70%-ға жуығы тиесілі екен. Ал ағымдағы жылдың 9 айында екіжақты тауар айналымы $2,9 млрд асқан, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 28,5%-ға жоғары дейді сала жауаптылары.

Алдағы жылы өзара сауда көлемін $5 млрд. дейін, ал 5 жыл ішінде $10 млрд дейін жеткізу міндеті қойылды. Сондай-ақ, бүгінде Арал теңізінің өзекті экологиялық проблемаларын шешу, бүкіл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бойынша бірлескен жобалар іске асырылып жатыр екен.

Түркістан қаласына сапары барысында екі елдің Үкімет басшылары Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылу рәсіміне қатысты,сонымен қатар Қ.А. Яссауи кесенесін, «Ұлы Дала Елі» орталығын, «Керуен-Сарай» туристік кешенін және басқа да нысандарды аралады.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева