«Эпидахуал тұрақтанып келеді, бірақ босаңсуға болмайды»

135

Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Осылай деген Үкімет басшысы Асқар Мамин 1 тамыздан бастап ел бойынша коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97 -ге дейін төмендегенін жеткізді. Ал, елімізде инфекциялық төсек орын толымдығы 53%, ал реанимациялық төсек орын 47% құрап отыр. Дегенмен, эпидахуалды ары қарай тұрақтандыру үшін той-томалақты тоқтатып, халық жаппай вакцина салдыру керек. Үкіметтің кезекті отырысында тағы не айтылды?

Елде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында белгілі болды. Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, вирустың репродуктивтік индексі 0,97 пайызды құрайды, инфекциялық төсек орын толымдығы 53%, ал реанимациялық төсек орын 47% құрап отыр. Елдегі апталық өсім 2 %-ға төмендеген. Дегенмен, Премьер-министр қызыл аймақтарда демалыс күнгі локдаундарды сақтау керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылының дәстүрлі форматта болатынына байланысты педагогтарға екпе салуды 25 тамызға дейін аяқтау керек деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы: «Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр. Оқу жылына дайындық жұмыстары аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту керек. Халықтың шектеу шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру қажет. Ол үшін өңірлерде мониторингтік топтардың саны көбейтілді. Олардың тиімділігін арттырған жөн».

Қауіпті індеттің беті қайтқанымен босаңсуға болмайды. Елде әлі де карантин талаптарына бағынбай жатқан азаматтар бар. Мәселен, «Ashyq» жобасы аясында мониторинг топтары 60 473 объектіні бақылап, 1 183 объектіде заң бұзушылықты анықтаған. Әрі жоба енгізілгеннен бері «қызыл» және «сары» статусы бар 46 067 келуші тіркелген. Оның 29 930-ынан тәжівирусына шалдыққандар және 16 137-сі ауруды жұқтырғандармен байланыста болғандар екен.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бұл статистика, өкінішке орай, кейбір азаматтардың үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын, халық жаппай жиналатын объектілерге баруға тырысатынын, ел ішінде көп жол жүретінін, осылайша ауруды басқаларға жұқтыру қаупін тудыратынын көрсетеді. Басқаларға қауіп төндіретін азаматтардан азаматтық жауапкершілік танытып, вирустың таралуына ықпал етпеуін сұраймын».

Министр эпидахуалды ары қарай тұрақтандыру үшін той-томалақты тоқтатып, халық жаппай вакцина салдыру керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, ауырған кезде бірден дәрігерлерге жүгіну керек дейді. Көп жағдайда тұрғындар үйде емделіп, ауруды асқындырып алып жатыр екен.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Жергілікті атқарушы органдар аурудың алдын алу, халық арасында өзін-өзі емдеуге жол бермеу және медициналық көмекке уақытында жүгіну бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Қарапайым ережелерді сақтау жүздеген адамдардың өмірін сақтап қалатынын есте сақтау керек».

Айта кетейік, бүгінде ел бойынша 6,1 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, 4,8 млн-нан астам адам екінші компонентін салдырған.

                                                                                     Мөлдір Ибадуллаева