Шымкентте 500 адамдық заманауи емхана салынады

84

Шымкентте бір ауысымда 500 адам қабылдай алатын заманауи емхана салынады. Медицина нысаны қалалық №9 емхананың орнына бой көтермек. Шаһардың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың айтуынша, бұл медициналық мекеменің қазіргі ғимараты өте ескі әрі халық саны көп болғандықтан емделушілерге қолайсыздық тудырып отыр.

Бұл Шымкент қалалық №9 емхананың емделушілері. 68 320 адам тіркелген медициналық мекемеде 460 қызметкер жұмыс істейді. Тұрғындарға алғашқы көмек осы жерде көрсетілсе де диагностикалық және лабораториялық тексерулер үшін қала орталығына бару қажет. Сондай-ақ, ғимарат заман талабына сай жабдықталмаған әрі өте ескі. Мұны ақ халаттылар да растап отыр.

Қайрат Қалыбеков, Шымкент қалалық №9 емхананың бас дәрігері: «Ғимараттар ескі. Ең алғашқы ғимараттар мұнда тұрған 1958 жылы салынса, ең соңғы салынған ғимарат 1964 жылы салынған. Ескі типпен салынған».

Шымкенттің бас дәрігері алдағы уақытта бұл емхананың орнына бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын жаңа емхана салынатындығын жеткізді. Қазіргі таңда медициналық мекеме салу үшін инвестор тартылып, арнайы жер беріліпті. Ол халық үшін қолайлы болады дейді Бақытжан Позилов.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Ол жерде бүкіл диагностикалық құрал-жабдықтар болады. УЗИ, рентген, МРТ, КТА, қосымша жедел жәрдемі болады. Халық үшін үлкен ғимарат болайын деп тұр. Емхана соғылғаннан кейін №9 емхананың бүкіл медицина қызметкерлері, дәрігерлер, тазалықшылар, күзетшілер барлығы сол емханаға ауысады өзінің учаскелерімен бірге. Олардың айлықтары мен әлеуметтік пакеттері қысқармайды».

Жаңа медициналық мекеме осы жерде бой көтереді деп жоспарлануда. Ал, мұндағы спорт алаңшасы №9 емхананың ескі ғимаратының орнына салынады екен. Сондай-ақ емхана жекеменшік болса да, халыққа мемлекеттік, яғни тегін қызмет көрсетеді екен.

Ерқабыл Жақсылықов, инвестор: «Жерді «СПК Шымкенттің» көмегімен алып отырмыз. Көлемі 50 Га. Ал, осы емхананың құрылыс жобасы 5000 шаршы метрді құрайды. Осы аумақтағы барлық халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде халыққа тегін медициналық көмек көрсетіледі міндетті сақтандыру жүйесі шеңберінде».

Айта кетейік, емхана құрылысы ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, 2022 жылдың соңы немесе 2023 жылдың басына қарай аяқталады деп жоспарланып отыр.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева