Бүгін Токио Олимпиадасы ресми түрде жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Салтанатты шараны коронавирус пандемиясының қатаң шектеулеріне байланысты жанкүйерлер тамашалай алған жоқ.
Жабылу салтанатында Жапонияның әнұраны орындалып, мемлекеттік туы жоғары көтерілді. Спортшылар шеруін Грекия құрамасы бастап шықса, оны Жапония құрамасы қорытындылады. Салтанатты шеру барысында еліміздің Туын бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев ұстап шықты. Олимпиада алауы сөндіріліп, екі аптадан астам уақытқа созылған айтулы шара салтанатты түрде жабылды. Еске сала кетейік, Олимпиаданың ашылу салтанатына арнайы шақыртылған әлемнің 15 мемлекетінің және халықаралық ұйымдар басшыларын қоса есептегенде 950 құрметті қонақ қатысты.
Еске салсақ, дүбірлі додаға Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті айтулы аламанға баратын тізімді іріктеу және рейтинг жарыстары аяқталғаннан кейін шығарды. Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген. Айтулы аламанға жұмыр жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысты.
Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болды. Еске салсақ, дүбірлі додаға Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады. Қазақстан спортшылары сегіз қола медаль алды. Олардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев пен каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар.
Медальдар кеcтесі жөнінен қорытынды командалық есепте Қазақстан құрамасы 83-орынға тұрақтады. Ал Токио Олимпиадасында 39 алтын, 41 күміс, 33 қола (113 медаль) алған АҚШ құрамасы бірінші орын еншіледі. Ал одан кейінгі орындардағы Қытайдың 38 алтын, 32 күміс, 18 қола (88 медаль), Жапонияның 27 алтын, 14 күміс, 17 қола (58 медаль) жүлдесі бар.
Олимпиада жалауы алдағы Жазғы Олимпиада ойындарының қожайыны Францияға табыс етіледі. Айта кетейік, алдағы Франция астанасы Париж қаласында 2024 жылдың 27 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өткізіледі деп жоспарланып отыр.