Нұрислам Санаев мемлекет тарапынан берілетін сыйақысын қайырымдылыққа жұмсамақ

74

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаев мемлекет тарапынан берілетін қомақты сыйақыны мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақ. Бұл туралы спортшы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кездегі бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесу арманым болатын. Бүгін де сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мен мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын!», – деп жазды спортшы желіде.

Еске салсақ, Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Нұрислам Санаев қола жүлдегер атанды. Спортшыға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин пәтер кілтін табыс етті.