Сәкен Бибосыновқа Түркістан облысының кәсіпкерлері темір тұлпар мінгізді

86

Түркістандықтар Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновты әуежайдан күтіп алды. Боксшы облыс тарихында алғашқы Олимпиада медаліне қол жеткізді. Ал, жергілікті кәсіпкерлер спортшыға су жаңа темір тұлпар сыйға тартты.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов елге оралды. Спортшыны Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан жастары, спортшының әріптестері, туған-туыстары мен достары қарсы алды. Еліміздің абыройын асқақтатқан боксшыға Түркістан облысының кәсіпкерлері Тойтота Камри 75 темір тұлпарын мінгізді.

Сәкен Бибосынов, Токио Олимпиадасының қола жүлдергері: «Мені қолдаған барша қазақ еліне, халқыма шексіз алғысымды білдіремін. Әрине, негізгі мақсатымыз алтын болған. Бұйырғаны осы болды. Аллаға шүкір деймін. Қазақтың атын әлемге таныту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салуға уәде беремін».

Сәкен Бибосынов Түркістан облысының тарихында алғашқы Олимпиада медалін ұтып алды. Жалпы Түркістан облысынан Токио Олимпиадасына 5 спортшы қатысқан болатын. Солардың бірі ғана қола медальға ие болды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Оған барлығымыз жанкүйер болдық, куә болдық. Бұл алтынға бергісіз қола жүлде болды. Бізге үлкен мәртебе. Түркістан облысының барлық спортшыларына жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспіз».

Айта кетейік, жерлесіміз байрақты бәсекеде 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. 24 жастағы спортшы Токио төрінде 4 кездесу өткізді. Ол Пуэрто-Рика, Франция, Испания боксшыларын жеңді. Жартылай финалдық жекпе-жекте Ұлыбритания спортшысы Галал Яфайға есе жіберіп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Олжас Айдарбек