Төлеби ауданының халқына көпір керек

155

Төлеби ауданындағы көпір сақалды құрылысқа айналып барады. Тұрғындардың айтуынша, Қостөбе ауылындағы өткелдің құрылысы бірнеше жылға созылған. Нысан жоспар бойынша 2019 жылдың сәуір айында аяқталуы тиіс болатын. Содан бері екі жылдан өтсе де көпірдің құрылысы тек жартылай аяқталыпты.

Мұнда көпірдің тек жартысы ғана салынған. Төлеби ауданы Қостөбе ауылының тұрғындары 4 жыл бойы көпірдің салынуын күтуде. Бұл – елдімекен мен аудан орталығын байланыстыратын жалғыз жол. Су деңгейі көтерілген кезде өзеннің жанында болу қауіпті. Амалы таусылған жергілікті жұрт аудан орталығына қатынау үшін өздері асарлатып жүріп кішкентай өткел жасап алыпты.

Мықтыбек Жораев, Төлеби ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны: «Осы көпір бізде 4 жыл болды, басталды. Жұлып кеткеніне 5 жыл болды, басталғанына 4 жыл болды. Әлі мұның жартысы бітті, бітті қылды. Аңқайып тұрған мынау қай жақтан бітеді?  Қыста ана 3 құбырымыздан өтеміз, ол 3 құбырымызды 3 рет жөндеді. Қолмен көтере алмаймыз, дәу трактор жалдаймыз».

Қостөбе ауылында 100 шақты үй бар. Су тасқыны кезінде жедел жәрдем де, өрт сөндірушілер де елдімекенге бара алмайды екен.

Жандос Құттыметов, Төлеби ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны: «Ауылға деп пәленбай ақша бөлінеді, оны бұлар жеп қойып жатыр. Одан да бұны жемқорлардың қолына бергенше, жетім-жесір сондайларға берсін. Балалар үйіне берсін. Дұрыс па? Бізге не керек ондай жемқорлар?».

Ұзындығы 36 метрлік көпір салу байқауы 2018 жылы өтіп еді. Сол кезде оны «Қайнар құрылыс» компаниясы жеңіп алған. Олар нысанды бір жылдан кейін тапсыруға уәде берді, бірақ мерзімі үнемі кейінге қалып отырыпты. 2019 жылдың қазан айында біздің тілшілер мәселені көтергенде, сол кезде мердігерлер көпір құрылысын сол жылдың қараша айында бітіреміз деп уәде берген. Айтуларынша, құрылыс материалдарына қатысты мәселе туындапты.

Серік Әбдіханов, «Қайнар Құрылыс»ЖШС-нің құрылтайшысы:  «Біз қазір ауданда балка орнататын жалғыз ғана компания болғаны үшін мерзімнен артта қалып отырмыз. Бұл балкалар тек бір компанияның өнімдері».

Екі жылдан кейін де бұл мәселе шешімін таппады. Тапсыру мерзімдерді бұзғаны үшін мердігер компанияға бірнеше рет айыппұл да салыныпты, тіпті іс сотқа да өткен.

Лесбек Серікбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Біріншіден айыппұлды төлеу керек, ол айыппұлды көпірдің құрылысын кешіктіргені үшін төлейді. Ол бір. Ал одан бөлек соттың шешімі бар ғой. Көпірдің құрылысын аяқтауды міндеттеу жөнінде. Сол соттың шешімін ол орындау керек».

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, көпір құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Ол үшін демеушілер қол үшін созатын болады.

Әлихан Файзханов