Түркістан облысында карантиндік шектеулер жеңілдетілуі мүмкін

61

Түркістан облысы коронавирус індетінің таралу көрсеткіші бойынша жасыл аймақта орналасқан. Қазіргі таңда, облыс аумағында карантин режимін жеңілдету, демалыс күндеріне енгізілген шектеулерді алып тастау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, биыл жаңа оқу жылында мектептер дәстүрлі түрде жұмыс істейтіндіктен білім ұяларына карантиндік шектеу шаралары біршама күшейтілген.

«Мектепте жұмыс істейтін ұстаздар мен басқа да мамандар 100 пайыз екпе салдыруы тиіс. Одан бөлек, медициналық бетперде киіп жүру де міндеттеледі. Сондай-ақ, білім ұялары рециркулятор, санитайзер, тері антисептиктері, дезинфекциялау және жуу құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтылуы тиіс. Педагогтардың, персоналдардың және оқушылардың мектепке кірерде күнделікті байланыссыз термометрмен дене қызуын өлшеп отыруы керек. Мектепте бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады», – деді Н.Нышанов.

Өз кезегінде, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Мерамбайқызы облысымыз жасыл аймақта болғанмен, вакцина салдырып, карантиндік талаптарды сақтау әлі де өзекті екенін жеткізді.

«Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі» жоспарына сәйкес, Түркістан облысына ақпан айынан бастап жалпы 736 460 доза вакцина жеткізілді. Бүгінге дейін 734 473 адам екпенің 1-ші компонентін алса, 564 694 азамат 2-ші компонентін алып үлгерді Қазіргі таңда, облыстағы медициналық ұйымдардағы дәрілік заттар қоры 2 айға, арнайы қорғаныш құралдары 55 күнге жетеді», – деді А.Мейрамбайқызы.

Сондай-ақ, Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Кәрімбаев қоғамда індеттің таралуын болдырмау мақсатында іске асырылған «Ashyq» жобасы өзінің оң нәтижесін беріп жатқанын баяндады. Қазіргі таңда, аталған қосымшаның көмегімен 8 мыңға жуық кәсіпкерлік нысандары өз кәсібін ойдағыдай жүргізіп отыр. Сондай-ақ, брифингте 1 қыркүйектен бастап мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандарда халықпен тікелей тығыз жұмыс істейтін азаматтардың екпе салдырғаны бойынша тексеру шаралары қолға алынаты белгілі болды.

Айта кетейік, өңірімізде пандемия басталғалы бері «COVID-19» індетін 12 517 адам жұқтырса, оның 11 146-сы аурудан жазылған, ал 66-сы қайтыс болған.