COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина паспортын сатып алған, алайда кейін шешімін өзгертіп, екпе салдырғысы келетін қазақстандықтар не істеуі керек екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті айтты.

Комитеттің редакция жолдаған ресми сауалға берген жауабына сәйкес, енді ол азамат жалған вакциналау құжатын тіркеген медициналық мекемеге еркін түрде жазбаша нұсқада өтініш жазады.

Өтініш жазған кезде вакцина салдырғаны туралы ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйесінің «Вакцинация» модулінен алып тастауын сұрайды.

«Вакцина салдырғаны туралы жазбаны модульден алып тастау алгоритмге сәйкес, яғни Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын арқылы жүргізіледі. Жалған вакциналау туралы жазба жойылғаннан кейін азамат медициналық мекемеде коронавирусқа қарсы вакцина салдыра алады», – деп нақтылады комитет.

Ал мұндай азаматтар үшін вакцина ақылы немесе тегін бола ма деген сұраққа комитет қазір вакциналау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде жүргізіліп жатыр деп жауап берді.

Ал медицина ұйымдары вакцина құжатын қолдан жасау бойынша тіркелген фактілерді құқық қорғау органдарына хабарлауға тиіс. Оларға қатысты тиісті шара қабылданады.

Қазақстанның қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігіне сәйкес көрінеу жалған құжатты пайдалану бойынша 160 АЕК (466 720 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының 2020 жылдың 29 маусымындағы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес, әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым түсіруге құқылы. Шағым әкімшілік органға беріледі.

 

Айта кетері, бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы жалған вакцина паспортын сатып алғандар үшін «рақымшылықтың» жаңа түрі ұсынылғаны хабарланды. Бұл бастаманы көтергендер мұндай қазақстандықтар әрекетін мойындап, вакцина үшін ақы төлеуге тиіс деп санайды.

Кейін бұл бастамаға қатысты денсаулық сақтау министрлі Алексей Цой пікір білдірді. Оның айтуынша, сарапшылар бұл ұсынысты қарастырып жатыр. Сондай-ақ ол қазір жалған құжат жасату бірнеше есе азайғанын айтты. Себебі қазақстандықтар вакцинаның әсері бар екенін көріп отыр. Соған қарамастан барлық факті бойынша қылмыстық істер жалғасып жатыр.