Алдағы 3 жылға бюджет нақтыланды

43

Парламент қалыпты жұмысқа көшті. Пленарлық жиында Ұлттық қордың нысаналы трансферті мен үш жылдық бюджет нақтыланды. Отырысқа үкімет басшысы да қатысты. Қос заң жобасы мақұлданғанымен министрлер депутаттардан біраз сын естіді.

Мәселе – үш жылдық бюджетті бекіту. Ұлттық қордан қаралған трансферт 2022-24 жылдары 2 трлн. 400 млрд-тан 2 трлн. теңгеге дейін азайтылады. Бұдан кейін республикалық бюджет нақтыланды. Жалпы, алдағы үш жылда әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн. теңге болады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
«Шын мәнінде, бюджеттің жартысы осы салаға арналды деуге болады. Сонымен бірге, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету басқа да салаларға тиісті қаражаттар қаралды. Осының нәтижесінде біз еліміздің және халқымыздың әлеуметтік-экономикалық бағытын одан әрі нығайтуға тағы бір нақты қадам жасадық».
Қарашадан бастап тұрғындарды қайта вакциналау жоспарланып отыр. 11 миллионнан астам адам екпе алуы керек. Бірақ, оған қазынадан қаржы қаралмаған. Мәселе, үкімет резервінен реттелмек. Азық-түлік бағасы да күн тәртібінен түскен жоқ. Алыпсатарлар тұрғанда бағаның аспандай беретінін министрдің өзі мойындап отыр. Ол үшін көтерме сауда-тарату орталықтарын көбейту керек.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі: 
«Жалпы 24-ші жылдың аяғына дейін 24 ОРЦ-ні салғаннан кейін осындай жүйе қалыптасады.  Осы бизнесте істейтін, тасымалдау, сақтау, сату бизнесі жүйеге қосылғаннан кейін бағаның тұрақтануына әсерін тигізеді деп ойлап отырмыз».
Депутаттар қазынаның қаржысы көбіне көп жобалық-сметалық құжаттарға жұмсалып жатқанын айтты. Яғни, мерідгер компанияларды анықтау, жобаны қаржыландыру мен толық орындау мерзімі нақты көрсетілу керек. Осындай шикіліктерді тез арада түзету тапсырылды. Бюджеттің бір тиыны да мақсатты жұмсалуы шарт екені кезекті рет пысықталды.
Шынар Оразова