Биыл көктемде Шымкент қаласы гүл егу бойынша өз рекордын жаңартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы біздің журналистерге қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мәлімдеді. Өткен жылы мегаполис көшелеріне 1 миллион 600 мыңнан астам гүл егілген, ал биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады. Гүлденген қаланың жаңалықтарын тілшіміз баяндасын
Ақпан айы болса да, мұндағы жайқалған жасыл желек пен жылы ауа-райы нағыз жаздың көрінісіндей. Жергілікті агрономдар бұрынғы рекордтарды жаңартуға білек сыбана кіріскен. Көлемді көгалдандыру жұмыстары наурыз айында басталады. Бұл жылы қаланың саябақтары мен көшелерін түрлі сұрыптағы 3,5 миллионнан астам гүл көмкереді деп жоспарлануда.
Ал биылғы ерекшелік – қаланың көркін ашатын лаванда мен сальвиядан жасалған бірегей композициялар егілмек. Бұл өсімдіктер шаһарға тек ашық түс қана емес, қайталанбас хош иіс те сыйламақ.
ӘУЕСБЕК ОПАБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Қазіргі таңда қала аумағындағы көшелерге 1,6 млн. дана көп жылдық гүлдер, сонымен қатар 2 млн. дана біржылдық гүлдерді осы жылыжайда өсіріп қаланың орталық көшесі Бақпаев, Темірлан тас жолы, Бәйдібек би даңғылдарына отырғызу жоспарлануда».
Агроном Халмұрат Сейдановтың айтуынша, мұндағы әрбір тұқым қолмен егілген. Тоғыз жылдан бері гүл өсірумен айналысатын бұл маман қала сәніне айналатын мыңдаған көшеттің күтіміне жауапты. Жылыжайдағы температура қатаң бақылауда. Ол жабық бақтағы 20–25 градус жылылықты сақтап, көшеттердің тез жетіліп, бүршік жаруына жағдай жасайды.
ҚАЛМҰРАТ СЕЙДАНОВ, АГРАНОМ: «Барлық жұмыстың енді қиыншылығы болады. Сол қиындықтарды жеңіп шықтық. Кешегі жауын-шашында, қарлы күндерде біздің жылыжайымызда газбен қамтамасыз етілген. Сол арқылы ыстықты ұстап отырдық. Күнделікті температура бұл жерде 20-25 градусты ұстап отырмыз».
Айта кетерлігі, мұндай ауқымды жұмыстар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл бюджетке салмақ салмай-ақ, қала гүлзарларын жайнатып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік береді.
Ботакөз Әнуар






