Úı ANONS Көпбалалы отбасылар азық-түлік алуды азайтқан

Көпбалалы отбасылар азық-түлік алуды азайтқан

Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін күнделікті тұрмыс шығыны барған сайын артып барады. Ал елдегі балалар саны көбейіп, отбасылық бюджетке салмақ түсірген. Салдарынан азық-түлік тұтыну көрсеткіші төмендепті. Finprom сарапшылары жүргізген зерттеуге сәйкес, бірнеше бүлдіршіні бар үй өздерін астан тежеуге мәжбүр. Олар пайдалы тағам орнын арзан өніммен алмастырып жатқан көрінеді. 

Отбасындағы бала саны артқан сайын әр адамға тиесілі азық-түлік көлемі азая береді. Сарапшылардың мәліметінше, бір баласы бар жанұяның әр мүшесі жылына шамамен 22 келі ет өнімі тұтынады. Ал төрт баласы бар отбасыларда бұл көрсеткіш 15 келіден де аз. Яғни, шамамен үштен біріне төмен.

Табысы жоғары және төмен отбасылар арасындағы тамақтану айырмашылығы да айқын байқалады. Өткен жылдың соңында айлығы көп отбасылар ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, теңіз өнімдері мен тәттілерді көбірек сатып ала бастаған. Ал жалақысы төмен, көпбалалы отбасылар керісінше, тіпті негізгі азық-түліктің өзін қысқартуға мәжбүр. Олардың арасында май, нан, жарма мен балық өнімін тұтыну азайған. Сүт пен жұмыртқаға деген сұраныс аздап өскенімен, қажет тағам орнын арзандау өнімдерге алмастырған.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдайға инфляция әсер еткен. Азық-түлік бағасының қымбаттауы халық табысынан асып түскен. Соның салдарынан тұрғындардың сатып алу қабілеті төмендеп барады. Ал елде туу көрсеткішін арттыру туралы бастамалар көтеріліп жатқан тұста, көпбалалы отбасылардың қалтасына күш түсіп отыр.

ГҮЛНАР ОМАРОВА, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: “Өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын: төрт баланың анасы ретінде ай сайын азық-түлікке кететін шығын өсіп жатыр, баға қымбаттап барады. Сондықтан тамақтың сапасы төмендемеу үшін басқа нәрселерден үнемдеуге тура келеді. Меніңше, жалақыны көтеріп, оны тұрақты түрде индексациялап отырған дұрыс”.

Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6 пайызға өссе де, бұл қарапайым халықтың әл-ауқатына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тұрмыс деңгейінен сезілмей отыр дейді мамандар.

ЖӘНІБЕК АЙҒАЗИН,  AERC БАС ДИРЕКТОРЫ: “Нақты табыстың жан басына шаққандағы индексі бізде 90,8% ғана. Бұл нені білдіреді? Бұл қағаз жүзінде 102,1% болған, яғни іс жүзінде төмен. Нақты табыс шамамен 5%-ға төмендеген, ал 2024 жылдың қарашасымен салыстырғанда 10%-ға аз. Бұл 2025 жылдың қараша айындағы дерек. Көрсеткіш халықтың шын мәнінде бай емес екенін аңғартады. Өкінішке қарай, экономикалық өсім жоғары болғанымен, халықтың нақты табысы төмендеп жатыр”.

Сонымен қатар азық-түлік шығыны отбасы бюджетінің көп бөлігін алып жатыр. Соңғы тоқсанның қорытындысы бойынша қазақстандықтар табысының 52 пайыздан астамын тамаққа жұмсаған. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай бір үйге түсетін қаржылық жүктеменің айтарлықтай артқанын көрсетеді.

Әсел Мәлік