Шымкент: Автобустар кондукторсыз қызмет көрсетуде

114

 Шымкенттегі №18 бағыттағы автобус кондукторсыз қызмет көрсетуді бастады. Айтулы көлікке мінген жолаушылар жолақыны әдеттегідей «Төлем» картасы, sms код және QR код арқылы төлей алады. Бірақ оны контралердың көмегінсіз, өзі жасайды. Өңіріміздегі бұл » жаңашылдыққа» ел не дейді?

Үшінші мегаполис атанған Шымкентте автобустар халыққа кондукторсыз қызмет көрсетуді бастады. Кейбір қала тұрғындары пилоттық жоба ретінде қолданысқа енген бұл жаңашылдықты жатырқамай жылы қабылдаса, бірі мұндай жүйені пайдалануға біз әлі дайын емеспіз деген пікірін білдірді.

Омар Дүйсенбаев, жолаушы: «Жүргізуші алаңдамауы қажет. Өзінің тек жолға жауап беру керек. Не аппарат дұрыс істеп тұрса, халықты әзірге үйрету керек. Өздеріңіз есептесіп, жүргізушіні алаңдатпайтын жолы болса. Ал егер халқы оған әлі үйренбей болмаса ақшалай төлейтін болып жатса, онда кондуктордың болғаны дұрыс».

Түсірілім барысында, кондукторды таппаған соң жолақысын жүргізушіге ұсынған жолаушылар да кездесті.

Абзал Қалдыбеков, автобус жүргізушісі: «Өздері келіп төлеп кетіп жатыр. Әр адам әрқалай ғой. Енді жаңағы тексеріп жатыр ғой, әр аялдамаға мініп. Сондай кезде сол кісілер біліп отырады, төлеген төлемегенін».

Пилоттық жоба бойынша №18 бағыттағы барлық автобустар кондукторсыз қызмет көрсету керек. Алайда біз түсірілім барысында дәл осындай автобуста жолаушылардан жол ақысын жинап жүрген кондукторды байқадық.

Дархан Қуанышбеков, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Диспетчерлік қызмет» орталығының басшысы: «Кондуктор болу себебі, жүргізушіге кептеліс уақытысында сәл үлгермей жатқаннан кейін, сәл қиындау болып жатыр. Бұл мәселенің шешілетін жолы бар. Жұмыс жасалып жатыр. Келер жылы жоспар бойынша барлық бағыттар бойынша кондукторлар алынып тасталынады».

Айта кетейік, мұндай жүйе Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында көптен қолданылып келеді.

Диана Біржанова