Шымкентте әлдекімдер қоғамдық көлікке шабуыл жасады. Белгісіз біреулер №149 маршрут автобусын таспен атып, жолаушылар мен жүргізушілерге қауіп төндірген. Таскешу шағынауданына қатынайтын автобустағы жағдай туралы алдағы сюжетте айтамыз.
Таскешу тұрғын алабында №149 автобусқа әлдекімдер тас лақтырып, есік әйнегін сындырып тастады. Жүргізушінің айтуынша, мұны жасөспірімдер жасаған. Ал іштегі жолаушылар бұл жағдайдан шошыған көрінеді.
МАҚЫПБЕК РАЙЫМБЕКОВ, ЖҮРГІЗУШІ: «11-12 жастағы балалар атып қашып кетті. Атқан кезде терезелерден жолаушыларға тиюі мүмкін. Іште әке-шешесі болуы мүмкін. Қарындастары болуы мүмкін. Тиюі мүмкін ғой»
Тасымалдаушылар сынған әйнекті өз есебінен жөндегенін айтады. Және мұндай жағдайлар бұған дейін де болған көрінеді. Мәселен екі жыл бұрын бұзақылар бес автобусты бүлдірген: бірінде қоғамдық көлік есігінің әйнегі шағылса, енді бірінде терезелер тесіліп қалған.
ДАРХАН КАЮПОВ, «ЮЖАВТОТРАНС» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Құқық қорғау органдары тарапынан әзірге ешқандай нақты әрекет байқалмай отыр, дегенмен арыз қабылданды. Егер мұндай жағдайлар жалғаса беретін болса, біз автобустардың қатынасын тоқтатуға мәжбүр боламыз. Себебі ешқандай қауіпсіздік кепілдігі болмаса, келтірілген шығынды өзіміз көтере алмаймыз».
Бүгінде автобусқа тас лақтырғандар ұсталған. Кінәлі азамат кәмелетке толмаған жасөспірім болып шыққан. Сондықтан оның ата-анасы заң алдында жауап берді. Бұл туралы Шымкент полициясы хабарлады.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
«Қоғамдық көлік жүргізушісінің арызы негізінде полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Тексеру барысында қозғалыстағы автобусқа тас лақтырып, көліктің әйнегіне зақым келтірген жасөспірім екені анықталды. Кәмелетке толмаған азаматтың заңды өкіліне бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар рәсімделді»
Айта кетсек, № 149 автобус Таскешу бағытына қатынайтын жалғыз қоғамдық көлік. Барлығы 11 автобус осы елді мекенге қызмет көрсетеді. Сондықтан жауаптылар ата-аналардан балаларының мінез-құлқына назар аударуды сұрайды.
Лаура Бабас






