Úı ANONS Консультациялық-диагностикалық қызмет көлемі ұлғайды

Консультациялық-диагностикалық қызмет көлемі ұлғайды

фото farabi.university

Шымкент қаласында медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындарға көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмектің көлемі ұлғайды. Бұл туралы ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл МӘМС жүйесі аясында қала тұрғындарына 6,5 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Атап айтқанда, КТ, МРТ сияқты жоғары технологиялық әрі қымбат диагностикалық процедураларға қолжетімділікті айтарлықтай артқан.

Сондай-ақ жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде қаланың медициналық ұйымдарында 258 мыңнан астам пациент стационарлық ем алған. Оның 30 231-і тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, ал 228 мыңға жуық азамат МӘМС қаражаты есебінен емделді. Сонымен қатар күндізгі стационарларда 31 мыңға жуық науқас ем қабылдады, олардың басым бөлігі де медициналық сақтандыру арқылы қамтамасыз етілген.
Амбулатория деңгейінде дәрілік қамтамасыз ету бойынша да оң өзгерістер байқалады. Биыл Шымкентте ТМККК және МӘМС шеңберінде 155 мыңнан астам тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Препараттар диспансерлік есепте тұрған азаматтарға 83 нозология бойынша берілген. Брифингте медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен балалар үшін тегін дәрілік заттардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік беретіні аталып өтті.
Қор тарапынан медициналық қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңға 245 мыңнан астам ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің көпшілігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Сонымен қатар, жыл басынан бері қызмет сапасына қатысты 300-ден астам арыз-шағым түскен. Оның 148-і негізсіз болғандықтан, пациенттердің өздері тарапынан қайтарып алынған. Шағымдардардың басым көпшілігі негізінен медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі сияқты мәселелерге қатысты.
Пациент шағымдарын азайту мақсатында ішкі аудит қызметінің жұмысын күшейту және репутациялық менеджментті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Медициналық қызмет көрсетуші ұйымдар санының артуы мен бәсекелестіктің күшеюі де қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.