Әмбебап спорт алаңшасы ашылды

84

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласының барлық аудан аумағында спорт алаңшалары салынуда. Бүгін, соның бірі, Әл-Фараби ауданының Майлықожа көшесінде пайдалануға берілді.

Әл-Фараби ауданына қарасты Майлықожа көшесіндегі көпқабатты №17 үйдің ауласына салынған жаңа спорт алаңы тұрғындар игілігіне тапсырылды. Көпфункционалды спорт алаңшасы, өзінің әмбебаптығымен көңілімізден шығып отыр дейді тұрғындар. Олардың сөзінше, бұдан бұрын өздернің қаражатына тұрғызылған екі футбол қақпасы ғана болған алаңшада, қазіргі таңда футболдан бөлек, волейбол, баскетбол сынды спорт түрімен айналысуға жағдай жасалған.

Зулфия Рүстемқызы,  Әл-Фараби ауданының тұрғыны: «Осы күнге дейін, бұл жерде ескі алаң болатын. Тұрғындардың қаражатына алынған екі қақпа ғана бар еді, тіпті балаларымыз ойнаса добы ұшып кетіп, ыңғайсыздық тудыратын. Қазір шүкір, барлық жағдай жасалған. Осы алаңшаны салып берген әкімшікпен, Төлбасовтың қорына рақмет. Балалар түгілі біз ата-анада қуанып отырмыз, енді волейбол ойнаймыз қыздар деп».

Тұрғындарды ерекше қуанышқа бөлеген спорт алаңшасы белгілі кәсіпкер Серік Төлбасовтың жеке қоры есебінен салынды. Аумағы 288 шаршы метрді құрайтын әмбебап спорт кешеніне, құрылыс жұмысын жүргізген мамандардың айтуынша бас-аяғы 15 500 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалған екен. Бір айға жуық уақытта дайын болған алаңшаны қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ашты.

Мақсұт Исахов, Шымкен қаласы әкімінің орынбасары: «Шымкент қаласында 115 алаңша саламыз деп әкімнің халық алдында берген есебінде айтқан болатынбыз, соның 14 -і жеке кәсіпкерлердің есебінен. 7 -еуін Шымкенттегі AG компониясы салып берді. Ал 7-еуін, осы Серік Төлбасовтың қоры, елге көмек беремін деп, 7 алаңша ашып беруге уәде берген еді. Осы алаңша тұрғындар сіздерге аманат. Әкімнің атынан Қорға үлкен рақмет».

Аудан әкімі Рашид Мыңбаевтың сөзінше кәсіпкер Серік Төлбасов Әл Фараби ауданындағы 7 -алаңшаны  өз атынан салып беруге уәде еткен көрінеді. Бұл, соның 5-шісі екен, көп ұзамай қалған екеуін де сапалы дәрежеде халық игілігіне тапсыруды көздеп отыр дейді.

Рашид Мамытұлы, Әл Фараби ауданының әкімі: «Серік Төлбасовтың қоры арқылы Әл Фараби ауданында 7 алаңша соғып бергелі отыр. Бұл бесіншісі. 80 пәтерлі үй соның ішінде жас өспірімдерге пайдалы болды».

Әл-Фараби ауданында, ағымдағы жылы, көпшіліктің әуесқой деңгейде спортпен шұғылдануына, және тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында , жергілікті бюджет есебінен 25 спорт алаңшасы салынып жатыр. Ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, табысталатын болады.

Аида Қарсыбайқызы