Арыста Абай Құнанбайұлына арнап ескерткіш ашылды

48

Арыста қаланың 65 жылдық мерейтойы атап өтілді. Іс-шараға Түркістан облысы әкімі қатысып, тұрғындарды қала күнімен құттықтады. Мерекелік шарада бірнеше нысанның ашылу рәсімі өтіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Алихан Файызханов тарқатады.

Арыста қаланың 65 жылдық мерейтойына орай Абай Құнанбайұлына арнап ескерткіш ашылды. Мүсін ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылды.

Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Тілеуберді Бинашев сыйға тартты. Аталмыш іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, тұрғындарды қала күнімен құттықтады.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысы әкімі: «Күллі қазақстандықтардың ырыс-ынтымағын ұйытып, кешегі алапат жарылыстан кейін бауырмашылықтың үлгісін көрсеткен Арыс аумағында бұл күні барлық бағыттар бойынша жарқын жобалар жүзеге асырылып келеді. Осылайша, Түркістанның шырайлы өлкесінің бірі Арыс қаласы гүлденіп, көркейіп келеді. Арыстық азаматтарды айтулы мерейтоймен құттықтай отырып, жазиралы өлкедегі жаңарған қаланың болашағы баянды, келешегі кемел болсын дегіміз келеді».

Сондай-ақ, «Дендросаябақ» маңында паравоз ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Бұл жобаны жүзеге асыруды қала әкімінің ұсыныс білдіруімен Қазақстанның «Құрметті теміржолшысы» Мақсұт Іскендіров өз міндетіне алған еді. Келіссөздер мен ұзақ талқылаудан кейін Шемонайха станциясындағы қос паровозды Арыс қаласындағы локомотив пайдалану депосының балансына өткізу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде қос паровоз 11 вагонмен апта ішінде Арысқа жеткізілді.

Мақсұт Іскендіров, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы: «Паравозды әкелу осы қаламыздың әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастауымен осы паравозды осы жерге әкеліп, теміржолшылар ең көп тұратын жер дегеннен кейін барып, ұсынысты қабылдап, Өскемен облысы Шемонайхадан әкелінді. Енді бұны әкелу оп-оңай болған жоқ».

Сонымен қатар, қала күнінде Теміржолшылар саябағы ашылды. Өткен ғасырдың 60 жылдары бой көтерген нысан адам танымастай кейіпке енген. Мұнда орындықтар ауыстырылып, балаларға арналған түрлі ойын аттракциондары орнатылды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге арналған жол кеңейтіліп, жаңартылды және мұнда озық үлгідегі жарықтандыру технологиясы қолдынылатын болады.

Алихан Файызханов