Пластик бөтелкелерді сыртқа сатуға тыйым салу керек

50

Пластик бөтелкелерді сыртқа сатуға тыйым салу керек. «Қазақстан қаптамашылар қауымдастының» төрағасы Батырбек Әубәкіров осылай дейді.

Мамандар бұл бағытта зерттеу жүргізіп, кейін оны тиісті органдарға ұсынбақ. Айтуларынша, Қазақстанда пластик бөтелкелердің 5 пайызы ғана өңделеді. Ал қолда бар шикізат бұдан еселеп көп.

Былтыр елімізде 2,3 млрд. литр сусын, минералды су, шырын және күнбағыс майы пластик бөтелкеде шығарылған. Бұдан бөлек, жыл сайын 1 жарым млрд дана пластик бөтелке елімізге шеттен келеді. Бірақ, оларды отандық зауыттарға сататындар аз.

Басты себеп – баға төмен. Есесіне, қалта қамын ойлап, Ресей, Өзбекстан асырып жатыр. Сондықтан, пластик бөтелкелерді сыртқа шығаруға тыйым салу, көлеңкелі бизнестің жолын кеседі. Әрі зауыттарды қажет шикізатпен қамтуға мүмкіндік туар еді, дейді сарапшы. Айта кетейік, қазір елде қоқыс өңдейтін 10-ға тарта кәсіпорын бар.