Шымкентте есін жоғалтқан азамат 10 күннен бері ауруханада жатыр

72

Шымкентте есін білмейтін ер адамның жан сақтау бөлімінде жатқанына шамамен 10 күн болған. Жанында бірде-бір құжаты жоқ науқас әлі анық сөйлей алмайды. Тіпті өз есімін де білмейді екен. Бүгінде ауруханаға ауыр халде жеткізілген азаматқа қандай диагноз қойылған? Қазіргі жағдайы қалай?

Жансақтау бөлімінде жатқан азаматтың туыстары іздестірілуде. Дәрігерлердің айтуынша, науқас 26 қазан күні түнгі сағат екілер шамасында ауруханаға жеткізілген. 103 қызметіне «Отырар» шағынауданының тұрғындары хабарлаған болуы мүмкін.

Себебі, науқас осы маңайдағы №60 үйдің алдынан табылған. Жас шамасы 30-35 те, бойы орташа ер азаматтың бірде-бір құжаты жоқ. Тіпті қазірдің өзінде аты-жөні белгісіз. Ал өзі есін жинағанымен әлі анық сөйлей алмайды.

Ауруханаға түскен кезінде ер азаматтың жағдайы өте ауыр болған. Тез арада алғашқы көмек көрсеткен дәрігерлердің айтуынша науқасқа бір емес бірнеше диагноз қойылыпты. Қазіргі жағдайы қалыпты ауыр дейді. Шамамен 3 пен 6 ай көлемінде өз қалпына келуі мүмкін. Ал ауруханадан қашан шығарылатыны әзірге белгісіз.

Өткіржан Молдаханов, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі: «Келген кездегі қойылған диагноз бас миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы, бас миының ісінуі, бас миының қан кетуі болған. Келген кезде шұғыл түрде қарқынды терапия бөлімшесіне кіргізілді».

Ақ халаттылардың айтуынша мұндай жағдай жылына үш-төрт рет кездеседі екен. Әрі ес-түссіз келген азаматтардың басым бөлігінде құжаттары болмайды дейді. Сондықтан бірден полиция департаментіне өтініш беретін көрінеді. Бұған дейін екі-үш күн ішінде табылатын еді деген дәрігерлер бұл жолы тәртіп сақшыларынан да хабар болмай отыр дейді.

Мөлдір Ибадуллаева