Қазығұрт ауданында екі көлік соқтығысып, 3 адам мерт болды. Ал түрлі дене жарақатын алған 6 адам ауруханаға жеткізілген. Полиция қайғылы жағдайға байланысты тергеу бастаған.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға орнында 3 адам тіл тартпай қайтыс болған. Ал түрлі дене жарақатын алған 6 адам ауруханаға жеткізілген. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, екі жеңіл көліктің бірінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған.
««Қазығұрт-Жібек жолы» тас жолында екі көліктің қатысуымен болған жол көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша Kia көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай HAVAL маркалы көлікпен соқтығысқан»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ
Аудандық ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген 6 адамның үшеуі әлі де жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың өмірін алып қалу үшін қажетті медициналық көмектің бәрін көрсетіп жатыр.
«Жарақат алған 3 науқас жансақтау бөлімінде, 3 науқас травматология бөлімінде ем қабылдауда. Барлық науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде, тиісті мамандардың бақылауында. Қазіргі уақытта науқастардың жалпы жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ
Оқиғаға қатысты тергеу басталған. Полиция жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырады.
Дилара Иса






