Жарты миллион теңге қайтарымсыз ақша шығарып беремін деген алаяқ құрбылар ұсталды

115

 

Соңғы уақытта мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен бағдарламаларды өзінің бас пайдасы үшін қолданып, халықты алдаушылар баршылық. Арасында қылмыстың өтеуі жаза екендігін білсе де, азғындық жасайтындар да кездеседі. Мәселен Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен осындай оңай жолмен пайдаға кенелгендер құрықталды.

Нақтырақ айтсақ, полицияға жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтарға алданғанын жеткізеді. Әйелдің айтуынша, өзіне жақын таныс емес әйелдер оған мемлекет тарапынан қайтарымсыз берілетін 555 000 теңгені есеп шотыңа түсіріп береміз деп сендірген. Осы қызметтері үшін 100 000 теңгеге жуық ақшасын алаяқтық жолмен алып, қайтармай қойған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Арадан бірнеше күн өткенде, полицияға тағы бірнеше тұрғын шағымданып, жоғарыдағыдай алаяқтардың арбауына түскенін жеткізген. Келіп түскен ақпарат аясында жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген жетісайлық қырағы полицейлер, күдікті ретінде бір-бірімен таныс, құрбы болып келетін 4 әйелді ұстады. Ал бесінші күдікті ер адамға іздеу жарияланды.

Аталмыш бес күдікті Жетісай ауданында алаяқтық яғни, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы қылмыс жасағаны белгілі болды. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар болып шықты.