Аты да, заты да бөлек азамат

514

 

Әдетте, ел ішінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған отбасын «әкесі — ер, анасы — жігер, бір үйде екі кемеңгер» деп бағалап, ризашылықпен еске алып жатады. Сондай асқар таудай әкелердің бірі — Қауысбек Тұрысбеков еді. Ол Ұлы Отан соғысынан оралған соң, бірден Түлкібасыдағы Састөбе цемент зауытында еңбекке араласады. Текті жерден шыққан жары, жұбайы — Жұпар Мәдуанова дүниеге маңдайы торсықтай ұл әкелгенде, көп ойланып-толғанбай Зауытбек деп ат қояды.

Сірә, аты да, заты да бөлек азамат болып өскенін қалаған болар. Жақсы ырымға балаған шығар. Сол тұста өнімін, соның ішінде түсті цементті бүкіл Совет Одағы республикаларына, шетелге шығаратын зауыт жаңа бейбіт өмірдің жаршысындай еді. Елдің әл-ауқатын көтеріп, тынысын кеңейтуге септесіп, еліміздегі көптеген құрылыстардың қарқынына қарқын қосқан өндіріс ошағы аяғын нық басқан кез болатын. Содан Қауекеңнің еңбегі еленіп, басшылықтың ұйғарымымен сегіз жылдан астам Шымкент облысы Шардара аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істейді. Шардара өңірінің халқы бүгінге дейін оның абыройлы ісін, қалдырған ізін, адамгершілік қасиеттері мен өнегелі өмірін жыр етіп, аңыз қылып айтып отыратыны тегін болмаса керек.

«Әке көрген — оқ жонар» дегендей, бала кезінен жақын-жуықтағы ағайын-туыстан, жекжаттан, олардың ұрпағынан ажырамай, имандылық тәрбие мен тәртіпке бой үйретіп, тағылым алып, ауылдың топырағын басып, қаптаған қара жұмыстан қашпай өскен Зәкең де әкесінің жолын жалғастыруға бел буады.

Әрине, бұл теп-тегіс даңғыл емес-тін. Соқпағы көп, соқтықпалы сүрлеуі мол, кедергісі жетерлік жол көп оқуды, елмен етене араласуды талап етті. Азаматтың қайраткерлік еңбек жолында, түрлі қызмет сатысында ұстаздары да, жанашыр достары да, көрер көзге жалбақтайтын, алайда қызғаныштан көре алмай, іші өртенетін жаулары да болды.

Баяғыда бір данышпан: «қателіктерімді дұрыс көрсеткен адам — ұстазым, оң қадамдарымды бағалаған адам — досым, ал жағымпазданып, жарамсақтанған адам — жауым» деген екен. Ертеден көп даналықты көңілге түйіп, ес жиып, ер жеткен Зауытбек те соңғысынан сақ болуға тырысты. Өйткені сол заманда қажылыққа барған бабасы да «Байлыққа қол жеткізу үшін жағымпаздық танытатын адам иманының үштен екісін жоғалтады» деген Хадис сөзін жиі айтып отырады екен.
Бүкіл ғұмырында, әсіресе, елдің сөзін сөйлеп, ат жалын тартып мінген кезінен бері осынау қағидаларды ұстанып, өмірдің ащы-тұщысын көпшілікпен бірге көріп, біліп, қалың қазағының мүддесі үшін бүгінге дейін еңбек етіп келе келе жатқан азаматты бүгінде халқымыз жақсы таниды.

Совет заманында жоғары білім алып, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік қызметтің қатаң сынынан өтіп үлгерген Зауытбек Тұрысбеков еліміз тәуелсіздік алған кезеңде туып-өскен жерінде танымал, іскер басшы санатында көзге түскен жас еді. Содан бері қарай ол әр салада мемлекеттік қызметтің барлық буындарында дерлік қызмет жасап, ысылды. Ал «ысылған жігіт ысылмаған екі жігітке татиды» деген аталы сөз бар емес пе? Сол жылдары іскер азамат орынбасар да, орын басатын басшы да болды, оған басқа да лауазымдарда жұмыс істеу оған сеніп тапсырылды.

Соның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы, Президент әкімшілігі Басшысының орынбасары — Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы, Ресей Федерациясындағы, Украинадағы, Молдова Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі, «Nur Otan» партиясының хатшысы болып қызмет атқарды.
Әлбетте, мұндай қызметтерде болу еліміздің кез келген азаматы үшін үлкен сенім, абырой екендігі онсыз да түсінікті. Біздің айтпағымыз — басқа. Егер оның орнында басқа азамат болса біз бірқатарын сөз еткелі отырған ізгі істер, жасалған жақсылықтар ұлтымыздың бүгіні үшін ғана емес, келер ұрпақтарға қажет игі шаралар атқарылар ма еді, жоқ па? Ол жағын ойласаң, барлық ниетке, ықыласқа, қайырлы, сауапты істерге шүкірлік етуден өзге амал жоқ.

Мысалы, сонау нарық заманына қадам басқан тұста, елдің рухын көтеру үшін еліміздің оңтүстігіндегі тарихи, киелі мекендерде Бәйдібек баба, Бес ана мен Домалақ ананың кесенесі бой көтерді. Үш жүздің басын қосқан жер — «Қазақ рухының қағбасы болған» (Ә.Кекілбаев) Ордабасы биігіне монумент қойылды. Осының басы -қасында Зауытбек әкім ретінде ғана емес, ел руханиятының жоқшысы ретінде жүрді.

Ал Өзбекстанның Науаи облысындағы Нұр-Атада — Әйтеке би мен оның бабасы Сейтқұл әулиеге кесене тұрғызып, ұсталар мен шеберлерді тауып, кешен салу оңай шаруа емес еді. Соған бастама көтеріп, ұйтқы болу, ұйымдастыру ісін өз қолына алған да Зауытбек Қауысбекұлы. Сондай-ақ, Ташкент жерінде орналасқан Төле би бабаның кесенесін күрделі жөндеуден өткізуді бюджеттің қаржысынан емес, демеушілер жәрдемімен жүзеге асырды. Басына зиярат ете барған қазақтарға сұрақ тудырып келген «Қарлығаш би» деген жазу өзгертіліп, Төле би аты тасқа қашалып жазылды.

Ал Ресей Федерациясының Астрахан облысында Бөкей ханның, Жәңгір ханның анасына арналған кесенелері тұрғызылды. Бұл жерлер қазақ халқы үшін бұрыннан киелі орындар екені белгілі болатын. Алайда оған дейін ешкімнің ойына кіріп шықпағандай еді. Сондай-ақ, елшілік қызмет барысында ол екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары болған отандастарымызға іздеу жүргізіп, 100 және 101 — атқыштар дивизияларының құрметіне Ржевте жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатуды жүзеге асырды. Оның даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100-жылдығы қарсаңында батырдың есімін бір мектепке бергізуі мен мәскеудегі Покровский бульварына Тұрар Рысқұловтың стелласын орнатуын тарихи әділеттілік тұрғысынан сауапты істер қатарына жатқызуға болады. Атап айтуға тұрарлық тағы бір маңызды іс болды. Ол — 28 панфиловшы-гвардияшылар құрметіне Мәскеуде Алматы метросының пайдалануға берілуі. Бағалай білген кісіге бұл кез келген дипломат үшін оңай шаруа емес. Мұндайда тұрғындар арасында қаншама түсіндіру жұмысынан бөлек ықпалды ұйымдастыру істерін де қатар жүргізуге тура келгенінен хабарымыз бар.

Өмір бойы мемлекеттік қызметтің ыстық-суығына шыдап жүрген қайраткерге төзімділігімен тірек болып жүретін жұбайлары жөнінде, өкінішке қарай, көп айтыла бермейді. «Әйелің жақсы болса, бірінші — иманың, екінші — жиғаның, үшінші — ырысыңның тұрағы» деген Төле би бабамыздың кемеңгерлігіне қайран қалып, бас иесіз.

Зәкеңнің зайыбы Алма Ыдырысқызы Тілеубергенова — өнегелі отбасының ырысын сақтап, мәртебесін асырып, ұрпақ өрбіткен жоғары білімді, қасиеті мол ана. Жұбайының айтарын көзінен ұғатын, үлкен-кішіге мейірімді жан екі ұл, бір қызды өсіріп, енді немерелерін тәрбиелеумен айналысуда. Бұл да отбасыдағы ырыс пен ынтымақтың сабақтастығы болса керек. Ал отбасы құндылықтарын еліміздің құндылықтарынан бөле жарып қарамауды Зауытбек Қауысбекұлы жастайынан меңгерген.

Ол қазақ елінің тарихи тұлғаларын, айтулы перзенттерін таныту бойынша да көптеген идеяларды жүзеге асырды. Соның ішінде, атап айтар болсақ, Жұмабек Тәшенов туралы — «Кісендеулі жолбарыс» фильмі, Әлімхан Ермеков туралы — «Алаштың ақырғы ақиығы» фильмі және Нұртас Оңдасынов жайындағы және «Отан үшін отқа түскендер» деректі фильмдері жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелейтін туындылар екендігі айтпаса да түсінікті.

Міне, қарап отырсаңыз, өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртуға бағытталған осындай жұмыстарды үйлестіруде ол өзге министрлерге, әкімдерге, тіпті кез келген мемлекеттік қызметкерге, дипломатиялық корпуста істеп жүрген азаматтарға үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Ал Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қауымдастық төрағасы, Елбасы Н. Назарбаев З. Тұрысбековті өзінің бірінші орынбасары етіп тағайындағанда оның тәжірибелі басшы, мемлекетшіл тұлға екеніне мән берді. Көп кешікпей тарыдай шашылған қандастарымыздың қиюы келмей жатқан қыруар мәселелерін шешудің жүйелі жолдары талданып, тиісті салаға арналған тұңғыш «Отандастар» қоры құрылды. Қандастарымыздың әлеуметтік мәселелері сараланып, басымдыққа ие жайттар — оқу гранттары көбейді, тұрғын жай салу үшін өңірлерде жоспарлы жер телімдері бөлінді. Бұл істе де З. Тұрысбеков жаңашылдығын, талапшылдығы мен мемлекетшілдігін танытып, көп нәтижеге қол жеткізді. Әсіресе, жергілікті атқарушы билікпен ынтымақтасып, бірлесе шешкен мәселелері өз жемісін бере бастады.

Мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен жәрдемдер жөнінде заманауи ақпараттық тәсілдер (әлеуметтік желілер мен арнайы видеороликтер арқылы) қолдануды бірыңғай жүйеге салып қойды. Яғни, бұл — халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы бойынша кері байланысқа көңіл бөлу деген сөз.
Жалпы, көп қиындықтар мен асуларды абыроймен еңсерген тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламаларын орындауда елдің құтын асырған әрбір отандасымыздың қосар үлесі қазіргіден де мол болмағы хақ.

«Қандастарымыз жақында Елбасы жариялаған “Елдіктің жеті тұғырындағы” қағидаттар жиынтығын отыз жылдық уақыт сынынан өткен тұжырымдар және тәуелсіздігімізді болашақта баянды етудің жолы деп қабылдады. Онда айтылған өрелі ой-толғамдар отандастарымыздың, соның ішінде қандастарымыздың біреуіне біреуі сүйеу, тіреу болуына мүмкіндік береді. Сонда ғана біз елімізді көркейтеміз, сол арқылы өзіміз де бақуатты өмір кешетін боламыз» — дейді Зауытбек Қауысбекұлы.

Ал ғұлама Абайдың төртінші қара сөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», — деп ескертуі де халқының санасын өзгертуге бағытталған асыл сөз екендігі ақиқат. Сол ақиқатты іс жүзінде дәлелдеп жүрген, шынайы құрметке лайық атпал азаматтар мен қайраткер зиялылардың еңбек жолы да тәуелсіз еліміздің тарихын толымды етері сөзсіз.

Шабандоз МЫҚТЫБЕК