Премьер министр: «Кезекті толқын басталып жатыр»

126

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдайдың мәселесі қаралды. Бүгінде елдегі ахуал тұрақты. Дегенмен әлі де қауіп бар. Өзге елдерде кезекті толқын басталып жатыр деген үкімет басшысы «омикрон» штамының таралуына байланысты қандай тапсырма берді?

Әлемде короновирустың кезекті толқыны басталып жатыр. Осылай деген үкімет басшысы Асқар Мамин жауаптыларға вакцинация мен ревакцинация жұмыстарының қарқынын көтеруді тапсырды. Вирусқа қарсы екпе ектіріп, ұжымдық иммунитет қалыптастырмасақ кез-келген уақытта эпид жағдай ушығып кетуі ықтимал екенін ескертті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер министрі:
«Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды, әсіресе, мемлекеттік шекарада жалғастыру қажет. Көптеген елдерде жаңа штамға байланысты науқастанудың кезекті толқыны басталып жатыр. Осыған байланысты ғимараттардың ішінде және қоғамдық көлікте маска киюге, адамдар көп жиналатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтауға аса назар аудару қажет»

Ал, денсаулық сақтау министрінің уақытша міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі ахуал тұрақты екенін жеткізді. Айтуынша, желтоқсан айында тәулігіне орта есеппен 560 адам ковид жұқтырып, оптимистік сценарий орындалып жатыр екен.

Жандос Бүркітбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
«Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану 31%-ға төмендеді. Әлемдік рейтингте Қазақстан коронавирус инфекциясына қарсы екі дозамен вакцинациялау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында, оның ішінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында Қазақстан екінші орында тұр, халық санының 44,5% вакцинамен қамтылды»

Айта кетейік, бүгінде инфекциялық және реанимациялық орындардың жүктелуі 19 пайызды құрап отыр. «Жасыл» аймақта 15 өңірБАР. Ал «сары» аймақта – екі өңір ғана қалды. Сондай-ақ бүгінде ел бойынша 9 млнға жуық адам екпе қабылдаса, 303 мың азамат ревакцинация жасатып үлгерді.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева