Шымкентте биыл 200 мыңға жуық оқушы қосымша үйірмелерге қатысады

182

«Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес». Осылай деген Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов әр бала қосымша біліммен қамтылуы тиіс екенін атап өтті. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін сала жауаптыларына тапсырма жүктеді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Сондықтан жекеменшік спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс».

Үшінші мегаполисте биыл 200 мыңға жуық бала қосымша біліммен қамтылатын болды. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қала әкіміне есеп беру кезінде мәлімдеді.

Мегаполистің бас ұстазының айтуынша, балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші өткен жылы 73,4 пайызды құраса, биыл 77,1 пайызға өседі деп жоспарлануда. Қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін көбейту үшін жан басына қаржыландыру есебінен мәдениет басқармасы тарапынан 6000 бала, дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан 14000 бала, білім басқармасы тарапынан 5000 балаға қаржы қаралып, жалпы 25000 бала түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға үлестіріледі екен.

Сонымен қатар 60 тан астам мектептің спорт залдарын жалға беру арқылы спорттық секциялар ашылатын болады. Одан бөлек, жаңадан заманауи «Оқушылар» сарайының құрылысы басталды. Осы жұмыстардың аяқталуымен 2025 жылға дейін оқушыларды қосымша біліммен қамту 100 пайызға дейін жетпек.

Айта кетейік, бүгінде Шымкенттегі барлық мектепте жалпы 242 мыңнан аса оқушы білім алады.

Мөлдір Ибадуллаева