ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қарамағындағы қызметкерге қол жұмсап, ісі сотта қаралған мемлекеттік қызметкерге қатысты шешім қабылданды.
Әдеп кодексінің талаптарын бұзған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Демеуғали Бақовқа қатаң сөгіс беру жөнінде ұсыныс қала әкіміне жолданатын болды. Егерде мұндай сорақы оқиға қайталанатын болса, шенеунік қызметінен босатылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің бас қосуына негіз болған, қоғамда қызу талқыға түскен, сотта қаралған мәдениет басқармасындағы дау.
Нақтырақ айтасақ, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Демеуғали Бақов қарамағындағы «Шымқала тарихи мәдени кешені» МКК директоры Саттар Мажитовке күш қолданып, жеңіл дәрежеде денсаулығына зиян келтірген. Осылайша мемлекеттік қызметкер ретінде Әдеп кодексінің талаптарын өрескел бұзған.
Асан Марасулов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы: «2021 жылы 9 тамызда Шымкент қаласының мәденит басқармасының ішінде жанжал орын алды. Сол жанжалдың барысында Бақов мырза Мажитов деген азаматтың денсаулығына кішігірім зақым келтірген. 2021 жылы 8 қыркүйекте бұл бойынша соттың қаулысы шыққан. Соттың қаулысымен Бақов кінәлі деп танылып, ол кісіге 43 мың 755 теңге айыппұл салынған».
Соттың қаулысымен келіспеген Демеуғали Бақов аппеляциялық сотқа жүгінген. Бірақ сот, 8-ші қыркүйекте шыққан шешімді өзгеріссіз қалдырылған. Былтыр сәуірден бері қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Демеуғали Бақовтың кеңес мүшелеріне айтары бар.
Демеуғали Бақов, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары: «Ұрған-соққан ешкім жоқ, «просто» кішкене эмоцияға беріліп. Бірақ, ол кісінің үнемі қиыншылық туындаса, ауырып қалатын мінездері бар. Мемлекеттік қызметші ретінде 21 жыл мемлекеттік өтілім бар. Осы уақыт аралығында бірде бір тәртіптік шараға тартылмағанмын. Мұндай оқиға қайталанбайды. Адал қызмет етуге уәде беремін».
Кеңесте Әдеп кодексінің талаптарын бұзған мемлекеттік қызметкер Демеуғали Бақов мырзаға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс берілді.
Серік Әуесханов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі: «Кінәлі емес екендігіңізді сотта дәлелдеп шығу керек еді. Арызданушының мінезін де білеміз. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған Бақовқа қатысты қатаң сөгіс беру ұсынысын қолдаймын».
Мемлекеттік қызметкерлердің беделіне нұқсан келтіретін мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша арнайы жиында өтіпті.
Мұратжан Акишев, Шымкент қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі: «Кикілжің бойынша куәгер болған қызметкерді шақырып талқыладық. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметкердің беделін түсіретін мұндай жағдайлар орын алмас деген ойдамыз. Ұжымда жіті қаралды. Қатаң сөгіспен келісемін».
Кеңес мүшелерінің шешімімен Демеуғали Бақовты қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкерлдішікке тарту бойынша ұсыныс қала әкіміне жолданатын болды.
Шынар Оразова