Úı ANONS Түркістан облысында әскери міндеттілер жиыны аяқталды

Түркістан облысында әскери міндеттілер жиыны аяқталды

фото ШГБҚ

 

Түркістан облысындағы «Орда» полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен өткізілген он күндік жиынды қорытындылайтын тактикалық-арнайы оқу-жаттығу кезеңі өтті. Ауқымды оқу-жаттығу стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау барысында әскери міндеттілердің өзара іс-қимылдары мен үйлестіруді пысықтауға бағытталды.

Арнайы тактикалық-оқу жиындарына 120 әскери міндетті қатысты. Он күн бойы олар даярлықтың негізгі бағыттары — мемлекеттік-құқықтық, тактикалық, арнайы және атыс даярлығы бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді. Оқу бағдарламасы жалпы 18 пәнді қамтыды. Олардың қатарында блок-бекеттердегі іс-қимылдар, қарауыл қызметінің міндеттерін орындау, шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру, сондай-ақ стратегиялық маңызды нысандарды қорғау мен күзету тәсілдері бар.
Оқу-жаттығу жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес өтіп, тіркелген құрамның жауынгерлік әзірлігін тексеруді, практикалық дағдыларын жетілдіруді және тактикалық міндеттерді орындау кезіндегі бөлімшелердің үйлесімділік деңгейін арттыруды көздеді.
Жиын бөлімшелерді жауынгерлік әзірлікке келтіру және әскери міндеттілерді қабылдау пунктінде қабылдаудан басталды. Теориялық дайындықтан кейін жеке құрам далалық дайындықтың белсенді кезеңіне кірісті. Барлық кезеңдер «теориядан — тәжірибеге» қағидаты бойынша ұйымдастырылды.

 

Бригада командирі подполковник Талғат Мәжімбековтің жетекшілігімен командалық құрам оқу процесін ұйымдастыру мен әдістемелік тұрғыдан жоғары деңгейде өткізді. Әскери міндеттілер атыс даярлығы бойынша жаттығуларды сәтті орындап, штаттық қарудан оқу және бақылау атыстарын жүргізді. Жауынгерлік үйлесім кезеңінде жеке құрам стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау, сондай-ақ қала жағдайына жақын ортада шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру іс-қимылдарын пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында шартты жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету, өртті сөндіру, жергілікті аумақты тінту және ұсталғандарды алып жүру міндеттері де қосымша пысықталды. Оқу-жаттығулар жалпы тоқтату туралы шартты белгі берумен аяқталып, одан кейін бөлімше командирлері қойылған міндеттердің орындалуы жөнінде баяндап, қару-жарақтың жай-күйін тексерді.
Бригада командирі подполковник Талғат Мәжімбековтің айтуынша, мұндай жиындар жауынгерлік машықтарды тексеріп қана қоймай, әрбір әскери міндеттіге оның басты азаматтық борышы — Отан қорғаушысы болу екенін еске салады.

 

Жиынның қорытынды кезеңімен Түркістан облысы әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздігі жөніндегі көмекшісі полковник Амантай Акимкулов танысты. Сапар барысында ол далалық тұрмыс жағдайының ұйымдастырылуын қарап, оқу-жаттығуға қатысушылармен тілдесіп, олардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

 

— Бригада басшылығы кәсіби деңгейде жақсы жұмыс атқарды, оқу үдерісі сауатты ұйымдастырылған. Практикалық іс-қимылдарды пысықтау барысында әскери міндеттілер лайықты нәтиже көрсетті, — деп атап өтті полковник Амантай Акимкулов.
Айта кету керек, жиыннан өту кезеңінде әскери міндеттілердің негізгі жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Сонымен қатар, олар ақшалай өтемақымен, киім-кешекпен және тамақпен қамтамасыз етіледі.