Түркістан қаласында туристерге сапалы сервистік қызмет көрсету және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Smart Shuttle Bus Turkistan» қалалық экскурсиялық маршруты іске қосылды. Жобаның жұмысымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы танысып, туристерге арналған заманауи «Red Bus» экскурсиялық автобусының жайлылығы, қауіпсіздігі және қызмет көрсету сапасын бағалады.
Жаңа экскурсиялық маршрут Түркістан қаласының негізгі туристік және әлеуметтік нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, әуежай, теміржол вокзалы, Жаңа мешіт, Ботаникалық бақ, Мұз сарайы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен-сарай» туристік кешені, Қолөнершілер орталығы, Этноауыл, Ескек есу арнасы, Гауһар ана кесенесі және Орталық базар бағыттары бір маршрутқа біріктірілген. Жоба аясында туристерге арналған заманауи цифрлық сервистер енгізілген. Олардың қатарында QR-код арқылы билет сатып алу, 1 және 3 күндік «Turkistan Pass» жүйесі, үш тілде қызмет көрсететін аудиогид, «Telegram» және «WhatsApp» чат-боттары, сондай-ақ онлайн карта мен GPS мониторинг қызметтері бар. Бұл жүйелер жолаушыларға автобустың нақты уақыттағы қозғалысы мен келу уақытын бақылауға мүмкіндік береді.
Экскурсиялық автобустар Wi-Fi желісімен, салқындатқыш жүйелермен және USB қуаттау құрылғыларымен жабдықталған. Жалпы маршруттың қозғалыс аралығы 15-20 минутты құрайды. Автобустар күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін «Визит орталығы» автотұрағы мен «Керуен-сарай» кешені алдынан қатынайды. Айта кетейік, «Red Bus» экскурсиялық автобусы 65 жолаушыға арналған. Билет құны балалар үшін – 2 000 теңге, ересектер үшін – 3 000 теңге.







