Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» фестивалі өтті. Кентаулықтардың әні мен жырына бөленген мерекелік кеш қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздеген шараның егжей-тегжейін тілшіміз баяндап береді.
Түркістан төрі кентаулықтардың әні мен жырына бөленді. «Өнерлі өлке» фестивалі аясында ұйымдастырылған мерекелік кеш көпшілікке ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған бұл шараны өзге өңірлерден келген қонақтар да жоғары бағалап,әсерімен бөлісті.
«Мен осы Ақтөбе қаласынан келіп отырмын. Түркістан өте қатты ұнайды. Әсіресе осы қазір болып жатқан концерт. Маған Алишердің дауысы ұнады. Өте қызықты».
«Кентау қаласы өткізіп отырған іс-шара өте керемет. Жақсы әсерде болдым. Біз отбасымызбен келдік бүгін. Осы мерекелік іс-шараны көруге. Алдағы осы келген өнерпаздардың өнері өте тамаша».
«Жалпы концерт керемет өтіп жатыр. Осындай көне Түркістанымызда сында іс-шара өткізіп жатқаны қандай керемет. Осы кешкіі салқынмен жастардың қуанып жатқаны қуанышты. Және де электронды ит әсіресе қатты ұнады».
Мәдени кеш туристерді тартуға бағытталғандықтан, өңірдің бар мүмкіндігі толық көрсетілді. Сахна төрінде қолөнер туындылары мен қыш құмыралар қатар қойылып, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылды. Әжелер ән шырқап, шараның рухани мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар жаңа технологиялардың, соның ішінде робот-иттің мүмкіндіктері келушілердің ыстық ықыласына бөленді. Кештің шырайын кіргізіп, көпшілік арнайы күткен, елдің ықыласына бөленген әнші Ақбота-Нұр да сахна төрінде ән салды.
АҚБОТА-НҰР СЕЙТМАҒАМБЕТ, ӘНШІ: «Мен Түркістан қаласында дүниеге келгенмін. Бірақ 16 жыл бойы Кентауда өстім, білім алдым. Өте қатты жақсы көремін. Түркістан болсын, Кентау болсын. Өте қатты жүрегіме жақын. Кіндік қаным тамған жерім. Өздеріңіз білесіздер Кентау табиғатымен,ауасымен көркем мінезді адамдармен ерекшеленеді гой. Сол себепті бүгін дәл осы киелі өлкеде, киелі сахнада өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе».
Фестиваль қонақтарына тек ән-жыр ғана емес, тарихымыздың жәдігерлері де ұсынылды. Ұлттық мұраны ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған арнайы көрме көпшілікті өткен ғасырларға саяхат жасағандай күйге бөледі. Көрмеде 17-18 ғасырдыңшоқпен қызатын көне үтігі мен ерлер және әйелдерге арналған қылыштар бабалардың тұрмысы мен ерлігін айғақтайды. Сонымен қатар, алтын жалатылған мыс құмған мен таза күмістен соғылған нәзік сырғалар мен тұмарлар — халқымыздың мәдени мұрасының баға жетпес қазынасы.
ГҮЛБАХАР САЙДУАЛИЕВА, ШАММАТ-ИШАН МУЗЕЙІНІҢ МҰРАҒАТШЫСЫ: «Бұл күмістен жасалынған. Бұл әйелдерге арналған әшекей бұйым. Тұмарға әйелдер өздері мойындарына таққан кезде Құран Кәрім аяттарынан ішене салып қойып, ішіне салатын тұғыры бар».
Фестивальдің мақсаты – тек мәдени демалыс емес, өңірлердің әлеуетін ашып, кәсіпкерлік пен жаңа технологияларды үйлестіру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды шаралар аймақтар арасындағы бәсекелестікті арттырып, үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
НҰРДӘУЛЕТ МЕДЕУОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Кәсіпкерлердің жасаған өнімдері мен жаңа техгологияларды қолдану мүмкіндіктері. Бұдан бөлек іс-шарадағы гала-концертті ұйымдастыру, оған келген адамдар қаншалықты көп болса ол да бір жоғары бағаға ие болады. Соның арқасында аудан қала кесіндісінде жеңімпаздарды анықтайтын болады. Яғни біз де осы жеңімпаздардың арасынан көрінеміз деген ойдамыз».
Осылайша, «Өнерлі өлке» фестивалі киелі өңірдегі руханият пен жаңа технологияның үйлесімін көрсетіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Келесі кезектің жеңімпазы атануға үміткер кентаулықтардың да мақсаты айқын.
Ботакөз Әнуар






