Танысының сеніміне кіріп, 1,1 млн. теңге ақшасын алған азамат ұсталды

72

Шымкентте алаяқтық жолмен 1.1 млн. теңге ақша алған азамат ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «102» телефон номері арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша бұрын соңды таныс емес бейтаныс азамат кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант шығарып беретінін айтып, сендірген көрінеді. Бірақ жәбірленушінің танысы берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел іздестіру шараларын бастаған. Бірден полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын анықтауға бекініпті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысты 37 жастағы жергілікті тұрғын күдікке ілініп отыр.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тергеу барысында азамат алаяқтықты кәсіп етіп, оңай жолмен алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болуға кеңес береді.

 

                                                                                       Мөлдір Ибадуллаева