«Емханаға қызмет көрсеткен ғимарат дүйсенбіден бастап жабылады»: Емделушілер мен дәрігерлер қайда барады?

700

Шымкенттегі №2 емханада тағы да шу шықты. Бүгін ем алуға келген тұрғындар бірнеше сағат бойы ішке кіре алмады. Дәрігерлер де амалсыз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені, жекеменшік компания ғимаратты босатсын деп отыр. Бұрынғы қожайынның арнайы күзет жалдап, мұндай талап қоюының себебі не? Денсаулық сақтау басқармасы мәселені шеше алды ма?

Бүгін ем алуға келген жұрт тағы да далада қалды. Алғашында есік алдында тұрған күзет дәрігерлерден басқа ешкімді ішке кіргізбеді. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана күннің суық екенін ескерген олар кіруге рұқсат берді.

Алайда қалалық №2 емханаға тіркелген тұрғындар бүгін қажет емдік процедурасын қабылдай алмады. Өйткені жалға беруші компания «ғимаратты босатсын» деген талап қойды.

Гүлмира Үсенбекова,  емделуші: «Бұл не деген бассыздық. Қашанға дейін бұл бұндай болады. Өткенде де тұрдық дуана сияқты. Бүгін де міне мен процедура қабылдауым керек. Ешнәрсе істемей тұр. Сонда біз не істеуіміз керек? Қайда барамыз? Басшылар неге бұл мәселені шешпейді? Бізді қойсыншы жайымызға. Осы емханамыз қалсын. Тыныштық берсінші бізге. Мәселе болып жатыр ма? Ол өздерінің проблемасы. Бірақ халықпен және медперсоналмен санасуы керек».

Бұл емханаға үйреніп қалған дәрігерлер де ешқайда кетпейтінін жеткізді. Өйткені, жарық әрі ыңғайлы ғимаратқа үйреніп қалдық дейді. Әрі олардың әзірге барар жері де жоқ.

Нұрбике Адембаева, Шымкент қалалық №2 емхананың бас дәрігері: «Дәл қазіргі кезде короновирус індеті өршіп тұрған кезде, барлық жерде халық шулап жатқан кезде бізді қайтадан бір жаққа апарып көшірмекші. Қайда апаратынын өзіміз де білмейміз. Бүгін енді қайта жабылып отыр, баратұғын жеріміз жоқ. Себебі компания  бізге айтып жатқан жоқ. Мына жаққа сіздерді алып кетеміз. Мінекей мына жерген барасыздар деп».

Өткен жылы қараша айында өткен мемлекеттік сатып алуда сенімгерлік басқаруды алматылық компания ұтып алыпты. Алайда, халық ешқайда көшкісі келмеген соң, бұрынғы «Bairmed» ЖШС қайта жұмысын жалғастыратын болған. Алайда, құжаттарды реттеуге ұзақ уақыт қажет деген әкімшілік арадан 4 ай өтсе де «Bairmed» – ке ешқандай жалдау ақысын төлемеген көрінеді. Содан бері тегін қызмет көрсетіп жатырмыз деген ғимарат иесі болса шыдамның да шегі бар екенін айтады.

Қаныбек Қанатбекұлы, «Bairmed» ЖШС директоры: «Алдыңғы жылы қараша айында конкурс өткізді. Біз де қатыстық. Бірақ, екінші алматылық компания ұтып алды. Содан бері 4 ай өтті. Олар өзінің ғимаратына алып кетуі керек еді. Бірақ әлі келген жоқ».

Жеке меншік компания сенімгерлікті бізге берсін деп талап қойып отыр. Егер оған келіспесе бұл жерді босатсын дейді.

Қаныбек Қанатбекұлы, «Bairmed» ЖШС директоры: «Біз мұны арендаға беру үшін соқпадық. Егер емхананы бұл жерден алып кетсе мұнда жеке емхана салуды жоспарлап отырмыз».

Мәселеге тікелей жауапты денсаулық сақтау басқарамасы сұқбат беруден бас тартты. Тек жазбаша түрде «сенімгерлік басқаруды ұтып алған компаниямен келіссөз жүріп жатыр» деген мәлімдемемен қысқа қайырды.

Ал жекеменшік компания емханаға бүгін ғана жұмысын жалғастыруға рұқсат етті. Егер мәселе шешілмесе дүйсенбіден бастап ешкімді кіргізбейміз деп кесіп айтты. Яғни, бүгінде №2 емханада тіркеуде тұрған 60 мыңға жуық халықтың келер аптадан бастап қайда барарын, ауыра қалған жағдайда емді қайдан аларын ешкім білмейді.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева