Құтыру — аса қауіпті ауру

146

Құтыру — аса қауіпті ауру Шымкент қаласында 2021 жылы адамдар арасында құтыру ауруы тіркелмегенмен, үй жануарлары арасында 2 жағдай тіркелді. Жануардан 2746 адам жарақат алған, оның ішінде 14 жасқа дейінгісі — 1290 бала. Құтыру – Neuroryctes rabid жедел вирусты зоонозды нейроинфекция. Вирус орталық жүйке жүйелерін зақымдайтын вирустық ауру.

Құтырумен ауырған жабайы жануарлар байлаусыз, қараусыз бос жүрген үй жануарларымен байланысқанда (ит, мысық және т.б жануарлар), олар сілекейлеп кеткен өлекселерді жегенде жұқтырады.

Дүние жүзінде құтырудан жыл сайын 50 000 адам қайтыс болады және 1 млн. жануар өледі. Құтыру адамдарға осы аурумен ауырған жан-жануарлардың тістеп жарақаттаған жеріндегі ағзаның шырышты қабығы немесе теріге сілекейі тигеннен жұғады. Өйткені аурудың вирусы жануарлардың сілекейінде болады, сілекеймен вирусты қоршаған ортаға таратады. Адамдарда бұл ауру жұққанда бастың қатты ауыруымен байқалады. Науқас адам әлсізденіп, тыныс алуы бұзылып, жұтынуы қиындайды, қол-аяғының жаны кетіп, тырысып қалады. Судан, ауадан қорқады, аузынан тоқтаусыз сілекей ағады. Құтырумен ауырғанға ем жоқ, тыныс алуы тоқтап, адам қайтыс болады.

Жануардан жарақаттанған адамды құтыру ауруынан аман қалдырудың бірден-бір жолы — дер кезіндегі емдік егу (вакцинация). Вакцинаны 1885 жылы француз ғалымы Луи Пастер зерттеп тапқан. Жануардан жарақат алған адам дереу травматологиялық пунктке медициналық көмекке жүгініп, жарақатталған жерін ерітілген сабынды сумен жуып, таңдырып, құтыруға қарсы вакцинаны алу керек. Құтыруға қарсы вакцинаны Біріккен Денсаулық Сақтау Ұйымы ұсынған. Екпе тегін және жазбаша ақпараттық келісіммен егіледі. Ал, балаларға ата-анасының немесе заңды қамқоршының жазбаша ақпараттық келісімімен егіледі. Жануардан жарақат алған адамға 3 рет (0-3-7 күндері) егу тағайындалады. Егер жарақаттаған жануар белгісіз, қашып кетсе немесе өліп қалған жағдайда 6 рет (0-3-7-14-28 күндері) егу тағайындалады. Ал, құтыру ауруы басталған адамдарға құтыруға қарсы екпе жасалмайды. Адамды жарақаттаған белгілі жануар 10 күндік бақылауға алынып, соңында анықтама беріледі.

Құтыруға қарсы иммунитет дұрыс қалыптасу үшін егу алғанда және егу курсының аяқталуынан кейін 6 ай бойы алкоголь қолдануға, ауыр дене еңбегімен айналысуға болмайды, суықтан сақтану қажет. Бұл ережелерді сақтамау иммунды жүйенің қызметін бұзады, құтыру ауруының дамуына және өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Жабайы жыртқыштарда үй жануарларындай гидрофобия (судан қорқу) болмайды. Өршіген кезеңінде олар үлкен өзендерден де жүзіп өтеді. Құтырған жануарды емдемейді, тез арада өлтіреді, өйткені оның адамға ауру жұқтыру қаупі зор. Құтырудың белгілері үй және жабайы жануарларында бір түрлі күйде болады, кейде сұлық жатады, мазасызданады, ашуланшақ болады, тамақ ішіп-жей алмайды, мінез-құлқы өзгереді, үргенде даусы қарлығып шығады.

Аузынан сілекейі шұбырып көбіктенеді, жанына жолағанның бәрін тістеуге немесе қабуға ұмтылады. Үй және жабайы жануарлары 5 күн, 7 күннің аралығында өледі. Жарақаттаған жануардың мінезінде өзгерістер байқалған кезде, оны оқшаулап ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Үйде ит, мысық асырайтын адамдар мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, жыл сайын құтыру ауруына қарсы вакцина ектіріп тұруы керек. Ең маңыздысы, үй жануарларын байлап, ауладан шығармай ұстаған немесе қараусыз қалдырмаған дұрыс!