Коронавирус: «Pfizer»-мен егілуге жататын тұлғалар контингенті кеңейтілді

119

Қазақстанда «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын азаматтар санаты кеңейтілді. Мұндай шешім бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комиссия шешімімен «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын тұлғалар контингенті кеңейтілді, ол мынадай санаттармен толықтырылады: – бастапқы вакциналаудан өтетін, профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар; – түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар; – шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар; – COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар.

Отырыс соңында Е. Тоғжанов қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі азаматтарды уақытылы иммундау және ревакциналау екенін атап өтті. Ол әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Комиссия сондай-ақ жабық мекемеде маска тағып жүруді міндеттейтін талаптың күшін жойды.