Шымкент: Бас дәрігердің қызы Pfizer екпесін алды

71

Кеше ғана мектеп оқушылары ала бастаған файзер вакцинасы енді шымкенттік жүкті әйелдерге де қолжетімді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл екпе жатырдағы сәбидің өміріне еш қауіп келтірмейді. Аяғы ауыр нәзік жандылар екпе салдырарда және салдырған соң нені ескеруі тиіс?

 

Бүгін №13 қалалық емханада жүкті әйелдер көптен күткен файзер вакцинасын салдыра бастады. Ақ халаттылардың сөзінше, мұндағы тіркеуде 500-ден астам аяғы ауыр жандар бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей екпе қабылдай алмайды. Тек жүктілігінің 16 мен 37 апта аралығындағы әйелдердің ерікті түрде вакцина алуға мүмкіндігі бар.

Таңертең алғашқылардың қатарынан болып, екпе алуға асыққан жанның бірі – емізулі ана Карина Райымқұлова. Індетке қарсы екпені аяғы ауыр сәтте салдырғысы келген екен. Бірақ ол кезде файзер вакцинасы қолжетімді болмағанын айтады.

Карина Райымқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы вакцинаны салдыру менің өз шешімім болды. Емізулі әйелдерге қажетті вакцина болғаннан кейін мен соны күттім. Негізі екіқабат болған кезде салдырғым келіп еді. Бірақ ол кезде ондай вакцина жоқ еді. Өз балама, өзіме пайдалы болады деп ойлаймын».

Ақхалаттылар, аяғы ауыр әйелдің екпе алғанынан құрсағындағы сәбиге ешқандай зиян жоқ дейді. Ал босанғаннан кейін 42 күн өткен соң вакцинаны салдыруына болады. Сондай-ақ, емізулі аналардың сүті арқылы нәрестеде мықты иммунитет қалыптасатын көрінеді.

Феруза Рахманова, дәрігер: «Ана сүтімен вакцина өтеді. Егер де вакцинадан кейін емізулі анада температура көтерілсе, онда да емізе берсе болады. Вакцинаны алып емізгенде сүтпен балаға өтеді. Сонда бала да вакцинацияланған болады, иммунитет қалыптасады».

Айта кетейік, қаламызда айтулы файзер екпесін балаларға салу жұмысы да жүріп жатыр. Ата-анасының рұқсатымен арнайы вакцинациядан өтіп жатқан оқушылардың қатарында қаланың бас дәрігері Бақытжан Позиловтың қызы да бар. Ол, індетке қарсы вакцина салдыру шешімін өзі қабылдаған көрінеді. Жасөспірім, ел саулығы үшін ақ халатты абзал жандар күн-түн демей еңбек етіп жатқанын жақсы түсінетіндігін айтады

Мерей Бақытжанқызы, оқушы: «Қорықпау керек, медицинаға сену керек. Мұның бәрі әншейіннен әншейін салынбайды. Халқымыздың денсаулығы мықты болсын деп ауырмасын деп салынып жатқан дүние. Сондықтан осы вакцинаға келдім».

Абай ауданына қарасты мамандар Шымкентке болжам бойынша 50 мыңға жуық файзер вакцинасының дозасы жеткізілді деп отыр. Алдағы уақытта екпе алушылар көбейетін болса, тағы да дозаны алып келу жоспарда бар екенін алға тартты.

Айта кетейік, файзер вакцинасы жасөспірімдерге ата-анасының рұқсатымен 12 мен 17 жас аралығында, ал әйелдерге жүктілігінің 16 және 37 аптасы аралығында ерікті түрде салынатын болады. Бірінші компонентін қабылдаған адам, екіншісін 21-28 күннен соң алуы тиіс.

Әлихан Файзханов