Мереке күндері астан уланудан абай болыңыз!

218
фото kk.medinanews.info

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мереке қарсаңында тағамнан уланудың алдын алуға ерекше мән беру керектігін айтты. Сондай-ақ, мейрам күндері демалыс орындары мен алаңдардан тамақтанбауды ескертеді. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Мереке күндері астан уланудан абай болыңыз! Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары осылай дейді. Ботулизм — ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Егер көкөніс, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жуылмай дайындалар болса, соңы өліммен аяқталатын улануды тудыруы мүмкін.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану орындарында ғана емес, мереке уақытында үй тамақтарынан да улану қаупі жоғары болып отыр. «Наурыз» мерекесіне орай, алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы болып табылады».

Сондай-ақ, жұмсақ балмұздақ дайындап, сатумен айналысатын кәсіпкерлерге де ескерту жасалды. Еске салайық, Шымкентте 2018 жылы жұмсақ балмұздақтан жаппай улану жағдайы орын алған еді. Мамандар сондықтан, әрбір нысанның санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуын жіті қадағалау қажеттігін айтты.

Мамандар жұмсақ балмұздақ сататын нысандарға ерекше тәртіппен тексеру жүргізілмейді дейді. Сол себепті тұрғындардан оны тұтынар алдында аса сақ болуын сұрайды. Сондай-ақ, кез келген тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, тез арада дәрігер көмегіне жүгіну керегін ескертеді.

Гүлдана Дәурен