Шымкентте жаңа туған перзентін балалар алаңшасына тастап кеткен ана табылды. Жедел-іздестіру іс-шаралардың нәтижесінде 1995 жылы туылған азаматша анықталып, полицияға жеткізілді.
Қазіргі уақытта «Қауiптi жағдайда қалдыру» бабымен іс тергеліп жатыр. Ал туылғанына апта толмаған шақалақ бүгін қаладағы бөбектер үйіне ауыстырылды. 10-наурыз күні кездейсоқ екі қыз тауып алған нәресте бұған дейін балалар клиникалық ауруханасында болған. Дәрігерлер салмағы 3 келі 200 грам, бойы -50 см ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екенін айтады.
Гүлмира Мирюсупова, Бөбектер үйінің дәрігері: «Нәресте динамикалық бақылау үшін оқшау бөліміне орналастырылды. Талдау нәтижелері жас нормасы шегінде. Бөбектер үйінде температуралық режим қамтамасыз етілген. Бейімделген сүт қоспасы тағайындалған. Бала белсенді, қоспаны әр үш сағат сайын 60 миллилитрден сорады. Қазіргі уақытта нәрестеге ешқандай шағым жоқ».
Мөлдір Ибадуллаева