Шымкентте Алғыс айту күнінде 1 миллион құрт пен бауырсақ таратылды

158

1 Наурыз — алғыс айту күні. Мерекеге орай қала тұрғындарына 1 млн құрт және 1 миллион бауырсақ таратылды. Ал «Шымқала» этноауылында бәйшешек гүлі мен қарлығаштың алып бейнелері жасалды. Үшінші мегаполисте көктемнің алғашқы мерекесі ереше атап өтілді.

1 миллион бауырсақ және 1 миллион құрт. Биылғы алғыс айту мерекесіне орай мегаполис халқына осындай сый таратылды. Қаланың 10-нан астам бөлігінде халыққа үлестірілген ұлттық тағам түрлері — айтулы датаны тойлаудағы биылғы ерекшелік.

Саябақтар, сауда орталықтары, әуежай маңы мен базарлар және темір жол вокзалы. Бауырсақ таратуда халық көп жүретін орындар арнайы таңдалып алынған. Ал, тәтті-дәмдіні үлестіруге жастар орталығы мен жоғары оқу орнындарының еріктілері атсалысуда.

Мегаполис халқы көктемнің алғашқы мерекесін жоғарғы деңгейде атап өтуде. Алғыс айту күні биыл жетінші рет атап өтілуде. Еліміздегі барлық ұлт өкілдерін біріктіруге бағытталған айтулы мереке — мейірімділіктің, достықтың символы іспеттес.

Латифша Асанов, Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы: «Жыл сайын біз алғыс айту күнін атап өтеміз 1-наурызда. Осы Алғыс айту күнімен бүкіл қазақстандықтарды, қаламыздың тұрғындарын, барлығын шын жүректен құттықтаймыз. Осы алғыс айту күнінде басқа ұлт өкілдеріне бірлікте, ынтымақта болуға шақырамыз. Бұл өте бәр ғанибет. Осы күнге жеткендер де, жетпегендер де бар. Қазақстанымыздың келешегі баянды болсын, бірлігіміз,ынтымағымыз берік болсын!».

Этноауыл тарихи кешенінде тойланып жатқан алғыс арқалаған мерекеде дастархан кеңінен жайылған. Келушілерге ет асылып, келіндер күбі пісіп, табаға нан жапты. Ұйымдастырушылар 1-наурыз енді тек өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс күні ғана емес, барлық жұрттың бір-біріне деген шынайы достығын білдіретін мейірім мерекесі екенін атап өтті.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:  «Бүгін ғана емес, күнімізге шүкіршілік етіп, төңірегімізге күнде алғыс айтып өмір сүретін болсақ жанымызда тыныштық орнайды. Халқымыз тыныш еліміз аман болсын деп тілейміз».

Мереке күні барлығы бір-біріне алғыс білдіріп жатыр. Айтулы күнге орай, «Шымқала» этноауылында көктем белгісі бәйшешек гүлінің және қарлығаштың алып бейнелері жасалған.

Айта кетейік, 2016 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен 1-наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне байланысты «Алғыс айту күні» деп жарияланған еді. Биыл жетінші жыл атаулы мереке тойланып келеді.

Гүлдана Дәурен