Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады.
Президент елорданы елге маңызды шешімдердің қабылданатын маңызды қала деп атады.
“Құрметті отандастар, Астана күні құтты болсын! Астана – егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады.
Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды”, – деді ол.
Тоқаев сонымен қатар елорданың саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынып, тұрғындар мен қонақтар үйшін жайлылық жасалып жатқанын жеткізді.
“Елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады.
Елордамыздың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның мемлекет дамуындағы айрықша мән-маңызын айқындай түсті. Бас шаһардың халықаралық абырой-беделі де нығайып келеді. Аймақтық және жаһандық саясаттың аса өзекті мәселелеріне қатысты шешімдердің Астанада қабылдануы – соның айқын дәлелі”, – деп қосты президент.
Сөз соңында мемлекет басшысы елорданың өсіп өркендеуін тіледі.
“Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс.
Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін. Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін!”, – деді Президент.



