Úı ANONS Келесте тазалық талабын бұзғандарға 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Келесте тазалық талабын бұзғандарға 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

фото КАӘБҚ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Келес ауданында санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстары күшейтілді. Осыған орай аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен Абай ауылы әкімдігі аппаратының мамандары аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлерге кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Рейд барысында өзіне тиесілі аумақты қоқысқа толтырып, абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын сақтамаған кәсіпкерлер мен тұрғындарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес ресми ескерту берілді.
Жауапты мекемелер тұрғындарға бұл ескертудің соңғы мүмкіндік екенін атап өтті. Заңда белгіленген мерзім ішінде анықталған кемшіліктер жойылмаған немесе құқық бұзушылық қайта орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қаралып, айыппұл салынатын болады.
Жалпы аудан көлемінде тазалық талаптарын бұзуға қатысты бақылау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері жергілікті учаскелік полиция инспекторлары тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша жалпы сомасы 9,9 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынып, оның 8,9 миллион теңгесі өндірілді.
Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 1,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 900 мың теңгесі өндірілген. Бұл көрсеткіштер заң талаптарын бұзушыларға қатысты бақылаудың жүйелі жүргізіліп жатқанын және құқық бұзушылықтарға ымырасыз шаралар қабылданатынын көрсетеді.
Келес ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерінен өздеріне тиесілі аумақтардың тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және заң талаптарын қатаң орындау сұралады.