Шымкентте Конституциялық реформалардың қоғамға әсері мен мемлекеттік басқарудағы жаңа үрдістер кеңінен талқыланды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ұйымдастырылған жиынға ғалымдар, сарапшылар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысып, Жаңа ата заңның ел дамуындағы рөлі туралы пікір алмасты.
Жаңа Конституция ғылым мен инновацияны дамытуға тың серпін береді. Құжатта жас ғалымдарды қолдау, ғылыми зерттеулердің әлеуетін арттыру және озық технологияларды кеңінен енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сарапшылар мұның бәрі еліміздің ғылыми дамуына жол ашып, Жаңа Қазақстанды құрудың берік құқықтық негізін қалыптастыратынын жеткізді.
БАРШАГҮЛ ИСАБЕК Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ: «Жаңа қабылданған конституцияда осы білім ғылым және иновацияны дамыту, мемлекеттің стратегиялық бағыты деп тану туралы арнайы үшінші бап енгізілді. Яғни үшінші баптың енгізілуі білім, ғылым саласындағы ғалымдарды , мектеп мұғалімдері , оқытушы профессорларды қуантқаны ақиқат. Енді конституцияда арнайы баптың енгізілгендігі білім-ғылым саласында болашақта үлкен өзгерістер енгізіп, көп капиталдың енгізілетініне біздің сенімімізді арттырып отыр»
Кездесу барысында сарапшылар конституциялық реформалардың мемлекеттік институттардың қызметіне әсерін мысалдармен түсіндіріп, еліміздегі демократиялық үдерістердің даму бағыттарын сөз етті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тақырып аясында еркін пікір алмасты.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШҚФ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біздің жаңа конституция бұл әділетті қазақстанның негізін салудағы басты саяси құжат деп есептейміз. Сондықтан да мемлекет басшысының алға қойған мақсатын, әділетті қазақстанжы жүзеге асырудағы барлық бастамаларын осы бірлесе отырып, жұмыс жасауымыз қажет. Және әр азамат өз үлесін қосуы тиіс деп есептеймін»
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, Конституция құндылықтарын дәріптеу және жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуын арттырудың маңызын атап өтті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.
Лаура Бабас






