Түлкібаста қолданысқа берілмеген жаңа үйлердің сапасы сыр бере бастаған

62

ютуб. Састөбе кентіндегі жаңа 64 пәтерлі көпқабатты үйдің қабырғалары түсіп, шатыры қирай бастаған.

Ал тұрғындар болса, бұл баспаналардың әуел баста сапалы салынатынына күмәнмен қарағандарын айтады. Өйткені, елдімекенде осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген пәтерлерден көп ақау табылып, жұрт әбден қажыған екен.

Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі 64 пәтерлі бұл үйлердің құрылысы өткен жылдың тамыз айында аяқталған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған баспанаға тұрғындар келіп, әлі қоныстана қойған жоқ. Себебі, көпқабатты үйге газ жүйесі тартылмаған. Салдарынан қолданысқа берілмей жатып үйдің қабырғалары жарылып, шатыры да ажырай бастапты.

Ал тұрғындар салынған жаңа үйден сапалы дүние күтпейтінін айтады. Өйткені, осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа берілген мына пәтерлер де мемлекеттік бағдарламамен ел-жұртқа үлестірілген. Бірақ, сырты бүтін баспананың ішінен көптеген ақау шығыпты.

Светлана Пуркова, Састөбе кентінің тұрғыны: «Салынғанына 3 жыл болған үйдің түрін қараңыз. Адам тұрып болмайды. Күн сайын адам баспанасының бір жерін жөндеп әлек болады. Ондай үйде тұрудың не керегі бар?».

Аудандағы атқамінерлер болса, жаңа үйден кемшіліктің көрініс табуы қалыпты жағдай дейді. Өйткені, бұған жергілікті климаттың ықпалы бар көрінеді. Ал көгілдір отынның берілмеуіне газ тапшылығы себеп болған екен.

Марат Жаңезен,Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «Біріншіден, бүкіл Республика бойынша, бүкіл облыс бойынша газдың тапшылығына байланысты «ҚазТрансГаз» тарапынан бізге рұқсат берілмей отырды. Қазіргі кезде 64 пәтерлі тұрғын үйге газды кіргізуге техникалық шарты және инженерлік-техникалық құжаттамасын аяқтадық. Енді сыртқы газ жүйесін рұқсат алу жұмыстары жүріп жатыр».

Ал адамдар тұрып жатқан жаңа үйдің кем-кетік тұстары бір айдың көлемінде анықталып, жойылатын болды.

Шенеуніктердің құрғақ уәдесіне тойған Састөбеліктер бұл жолы да айтылған сөз далада қала ма деп уайымдайды. Сондықтан олар бұл мәселе министрліктің құлағына жетсе екен деп отыр.

Әлихан Файзханов