Қайта қылмыс жасаудың алдын алу жұмысы күшейтілуі тиіс

170

Жазасын өтеген азаматтарды қоғамға бейімдеп, қылмысқа қайта баруының жолын кесу бірқатар сала мамандарының өзекті мәселесі. Бұл тұрғыда темір тордан босаған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік қолдау көрсету маңызды шара.

Жалпы қоғам үшін аса маңызды мәселе бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың төрағалығымен өткен консультациялық-кеңес мәжілісінде көтерілді. Жиын барысында пробация қызметі мен жергілікті полиция қызметі есебінде тұрған сотты болған азаматтардың өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Жұмыс берушілер тарапынан сенімсіздік олардың жұмысқа орналасуына қол байлау болады. Оның үстіне абақтыдан шыққан соң паналайтын жері болмайтындар көп. Қоғамнан оқшауланудың салдарынан ол азаматтардың қайта қылмыс жасауға баруы жиі ұшырасады дейді сала мамандары.

-Жазасын өтегендер арасында шалыс қадам жасап, қателікке ұрынған азаматтар да болады. Оларға қолдау көрсетіп, қоғам үшін сақтап қалуымыз әр қайсымыздың азаматтық борышымыз деп есептеймін. Сондықтан бірінші кезекте оларды бөле-жармай, жұмыспен қамтып, барынша әлеуметтік қолдау көрсету жұмысын күшейту қажет,-деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы бойынша 13 мекемеге 54 жұмыс орны бекітілген. Қазіргі таңда 4 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 13 азамат квотадан бөлек тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ал, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасы бойынша 11 мекемеге 52 жұмыс орны бекітілді. Қазіргі таңда 3 азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасып, 2 азамат квотадан бөлек ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.

Бостандыққа шыққан азаматтар сондай-ақ, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығын» паналай алады. Орталықта тұрғылықты жері жоқ адамдар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұратын азаматтар қабылданады.